Ақтөбе облысының жаңалықтары

«Бақытты отбасы» бағдарламасының екінші науқаны басталады

2020-03-11 73

Ертең, 12 наурызда «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысуға құжаттар қабылдана бастайды, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

«Аталған бағдарламаға қалалық әкімдіктің үй кезегінде тұрған көпбалалы аналар, толық емес отбасылар және мүгедек баланы бағып отырған отбасылар қатыса алады. Бір ғана жеке куәлік жеткілікті. Қалған құжаттарды электронды базадан анықтаймыз. Егер тілек білдіруші талаптарға сай болса, оған тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне жолдама береміз», - деді қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ерлан Рамазанов.

Құжаттар 12-20 наурыз аралығында Алтынсарин 2, №1 кабинетте қабылданады.

Бүгінде «Бақытты отбасы» бағдарламасы баспанаға қол жеткізу үшін ең тиімді мемлекеттік бағдарлама болып есептеледі. Соның арқасында былтыр 500-ге жуық ақтөбелік баспана кілттерін алған.

«Мәселен, осы бағдарламаға қатысатын отбасы 10 миллион теңге тұратын пәтердің құнын бастапқы 8 жыл бойы 50 мың теңгеден өтесе, кейінгі 11 жыл бойы 30 мың теңгеден төлеп, пәтерді өз меншігіне алады», - деді Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің кеңесшісі Мақсат Зайытов.

Қазіргі таңда мемлекеттік тұрғын үй қорынан пәтер алуға 24 мыңнан аса отбасы кезекте тұр.