Ақтөбе облысының жаңалықтары

Сенбілікке шыққан аудан әкімі нәзік жандыларды ерекше құттықтады

2020-03-10 82

Темір ауданының әкімі Жолдас Қалмағамбетов тазалық акциясына үлес қосқан аруларға құрметін көрсетті, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Шұбарқұдық кенті жастарының ұйымдастыруымен өткен сенбілік жұмысына аудан әкімі де қатысқан. Әлеуметтік желіде белсенді аудан басшысы еріктілермен бірге тазалық жұмыстарын атқарып, игі іске атсалысқан нәзік жандыларды мерекесімен құттықтауды ұмытпаған. Жылы лебізін білдіріп, гүл шоқтарын тарту еткен. Бұл туралы ол өзінің инстаграмдағы жеке парақшасында бөліскен.

«Бүгін ауданның ерікті жастарының ұйымдастыруымен өткен "Аналарымызға таза мекен сыйлаймыз" атты тазалық акциясына қатыстым. Таңғы тоғызда басталған шара түскі бірге дейін созылды. Нәтижесінде елуден астам ерікті қатысқан сенбілікте 120 қап тұрмыстық қалдықтар жиналып, жойылды. Шындығында да, қоқыссыз далаға қарап көзіміз сүйсінді. Мерекелеріне қарамай осы акцияға қатысқан алты қарындасымызды желдің өтінде тұрып ақжарма тілегімізді айтып құттықтап, гүл сыйладық», - деп жазба қалдырыпты аудан басшысы Жолдас Қалмағамбетов.