Ақтөбе облысының жаңалықтары

Ұлы Абайдың мерейтойына орай облыста 160-қа жуық шара өтеді

2020-02-06 181

Ақынның есімін мәңгі ұлықтау мақсатында қаланың орталық даңғылында Абай ескерткіші бой көтереді, деп хабарайды Aktobenews.kz тілшісі.

Қазақ халықының ұлы ақыны, ойшылы атанған Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойы өңірде кең көлемде аталып өтеді. Бұдан бөлек Әбу Насыр Әл-Фарабидің 1150 жылдығы, Алтын Орданың 750 жылдығы, Ұлы Отан соғысының 75 жылдығы, Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың 95 жылдығы, Шәмші Қалдаяқовтың 90 жылдығы сынды аса маңызды мерейтойлар жыл бойы ұйымдастырылады. Қазіргі таңда атаулы күндерді жоғарғы деңгейде ұйымдастыру бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда.

«Өңірде қоғамдық маңызды іс-шаралардың жоспары жасақталып, қажетті қаражат бөлінді. Биыл қазақ халқының кемеңгері Абай Құнанбайұлының мерейтойына орай  облыс аумағында 160-қа жуық шаралар өтеді. Соның бір қатарына тоқталсақ, Ақтөбе тұрғындары мен қонақтары үшін  облыстық өлкетану музейінде «Жидебай-Бөрілі» қорық мұражайынан көрме жасақталып, облыстық драма театрда филармония әртістерінің қатысуымен «Абайды білмек керек ойлы жасқа» спектаклі қойылады. Мұғалімдер және өнер адамдары арасында түрлі байқаулар мен концерттік бағдарламалар, көрмелер сынды ауқымды шаралар ұйымдастырылады. Өңірімізде ұлы ақынның есімін мәңгі ұлықтау мақсатында қаламыздың орталық даңғылында Абай ескерткіші орнатылады», - дейді Ақтөбе облысының мәденеиет, архивтер және құжаттар басқармасының басшысы Нұрхан Кәдірбаев.