Ақтөбе облысының жаңалықтары

Ақтөбелік жас кәсіпкерлер БҰҰ "Даму" бағдарламасының қайтарымсыз қаржысын жеңіп алды

2020-01-31 102

Желтоқсан айында жарияланған байқау қорытындыланып ақтөбелік 13 кәсіпкердің идеясы жоғары бағаланды, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Қазақстандағы БҰҰ Даму бағдарламасы мен «ЭКОЦЕНТР» қоғамдық бірлестігінің жобасы Ақтөбе мен Қарағанды облысының алты қаласын қамтыған. Жас кәсіпкерлер бағыты бойынша жұмысын жандандырып,  осал топтағы жастар үшін қосымша жұмыс орындарын ашады.

Бүгін байқау қорытындыланып, жас кәсіпкерлерге қомақты қаржының сертификаттары табыс етілді. Қандыағаш қаласы бойынша алты жоба, Шалқар қаласында төрт жоба, Шұбарқұдықта үш жоба тиісінше қайтарымсыз қаржылық қолдауға ие болды.

«Кәсіпкерлік бастамаларын ұсынған жас кәсіпкерлер қатысты. Аталған аумақтардан жиырма бес жоба келіп түсті. Комиссия құрамының шешімімен біз солардың он үшін қолдауға тырыстық. Қорытындысында Қандыағаш қаласы бойынша 7 млн 380 мың теңге, Шалқар қаласы бойынша 6 млн 732 мың теңге, Шұбарқұдық кенті бойынша 4 млн 331 мың теңге бөлінді. Әрбір жас кәсіпкерлер қызметтеріне екі адамнан бастап оданда көп жұмысшы алуды өздеріне міндеттеді», - дейді «ЭКОЦЕНТР» қоғамдық бірлестігінің директоры Меруерт Құрманова.

Ұсынылған жобалардың қатарынада наубайхана, жаттығу залы, тігін цехы, сұлулық және фото салон сынды әлеуметтік маңызы бар салалар таңдап алынған.

Қандыағаш қаласынан жеке кәсібін бастағалы жатырған Ерлан Айтжанов аталмыш байқаудан 500 мың теңгелік сертифифкатқа ие болды. Мамандандырылған бау-бақша дүкенін ашуды көп уақыттан бері жоспарлап жүрген ол демеушілік жасап жатырған ұйым басшыларына алғысын білдірді.

«Жобаға қатысқандағы мақсатым мамандандырылған бау-бақша дүкенін ашу және жұмыссыз отырған отбасы мүшесін жұмыспен қамту. Отбасымызбен бірнеше жылдан бері көкөніс егеміз. Бірақ көктемде жоғары сапалы тұқым таба алмаймыз. Дүкенді ашу үшін мол тәжірибе жинадым. Қандыағаш қаласында халық санының өсуіне байланысты жергілікті экологиялық таза және балғын көкөніске халықтың сұранысы көбейді. Сол себепті бау-бақшамен айналысатын диқаншылардың да саны артып келеді. Үлкен қалаға арнайы бау-бақша дүкені керек деп ойлаймын. Бастамамды қолдап жатқа ұйымдастырушыларға алғысымды айтамын», - дейді ол.

Аталмыш жоба ақпан айында қоғамдық ұйымдарға алты қаржылай грант жариялап жатыр. Бұл байқауға облыстағы кез келген қоғамдық ұйым қатыса алады.