Ақтөбе облысының жаңалықтары

Прокурорлар жеке компанияны жауапқа тартты

2020-01-20 122

Хромтау ауданында 380 жұмысшыға міндетті зейнетақы аударымдары уақытында төленбеген, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Хромтау ауданының прокурорлары «БШПУ-Қазақстан» ЖШС басшыларын әкімшілік жауапқа тартты. Мекеме тарапынан жұмысшылар құқықы бұзылған. Прокурорлық тексерістен кейін 400-ге жуық жұмысшының жарты жылдық зейнетақы аударылымдары түспегені белгілі болды.

«Аталған заң бұзушылықтарды жою және қолданыстағы заңнама талаптарын тиісінше орындау мақсатында, оның ішінде жұмысшылардың конституциялық құқықтары мен мүдделерін қорғау және қалпына келтіру бойынша аудан прокуратурасымен облыстың уәкілетті органдарына прокурорлық қадағалау актілері енгізілді. Қабылданған шаралардың нәтижесімен жұмысшылар алдындағы 90 млн теңгеден астам зейнетақы берешегі өтелді»,-деп хабарлайды облыстық прокуратураның баспасөз қызметі.

Сонымен қатар, Ақтөбе қаласының мемлекеттік кірістер басқармасымен мекемеге  26,5 млн теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынған. Қазіргі уақытта қарыздар толық көлемде өтелген.