Ақтөбе облысының жаңалықтары

Ақтөбелік жас жұбайлар тойдағы серуеннің орнына балалар үйінің тәрбиеленушілеріне сыйлық жасады

2020-01-14 85

Шаңырақ көтеріп жатқан жастар алғашқы қадамдарын қайырымдылықпен бастады. Қымбат көлікпен қыдырудан бас тартқан олар қаладағы «Аяла» орталығындағы бүлдіршіндерге қонақ болып барды, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Замандастарына үлгі болып жатқан жас жұбайлар «гулянка» деп аталатын дәстүрден бас тартып, ата-ана қамқорлығынсыз және жетім қалған балаларға тарту жасады. Ақ көйлекті қалыңдықты көріп көңілдері көтерілген тәрбиеленушілер ақ тілектерін жаудырды.

Шаңырақ иесі Нұржігіт Әлмұханов қаламыздағы танымал «Жүректен жүрекке» еріктілер тобының белсенді мүшесі. Бос уақытын игі іске арнап жүрген ол шарадан кейін үлкен сезімде болғанын айтты.

«Өмірімде бір рет болатын қуанышты балалармен бөліссем деген ниет болды. Олардың көңілін аулап, бақытты сәтімде бастарынан сипағым келді. Достарым да қолдап, солардың көліктерімен өзіміз барып кішігірім тойлап қайттық. Қымбат көлік жалдаймын деп отырған қаражатқа сыйлықтар мен жеткенінше жеңіл-желпі киімдер алдық. «Аға бақытты болыңыз!» деп айтқан ақ тілектерін тыңдап үлкен сезімде болдым. Бұл әрекетіме еш өкінбеймін, керісінше қуанамын», - дейді ол.