Ақтөбе облысының жаңалықтары

Бір күнде он полиция қызметкері жұмыстан қуылды

2019-11-27 71

Бөлімшеге жеткізілген тұрғынды соққыға жығып, қабырғасын сындырған полиция қызметкері мен оның тоғыз әріптесі жұмыстан қуылды, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ақтөбе қаласы Алматы ауданы №3 полиция бөлімінің кезекшілігіне 24 қараша күні сағат 15.00-де "Заходи" кафесінде төбелес болып жатқандығы туралы қоңырау түскен. Оқиға орнына үш патрульдік полиция жасағы жіберіліп, кафеде әйел адамды ұрып жатқан үш тұрғын бөлімшеге жеткізілген. Кафеде ішімдік ішкендер полиция қызметкерлеріне бағынбайды. Нәтижесінде полиция қызметкері бөлімшеге жеткізген тұрғынды ұрып, қабырғасын сындырған.  

«Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 293-бабымен қарастырылған бұзақылық фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Сондай-ақ,  ҚР ҚК-нің 378-бабымен қарастырылған қызметтік міндеттерін орындау кезінде полиция қызметкерлерін қорлау фактісі бойынша да қылмыстық іс басталды. Қазіргі таңда тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 10 полиция қызметкері жұмыстан босатылып, 3 қызметкер тәртіптік жазаға тартылды  Тұрғынды бір қызметкер ұрғанда қалғандары көріп тұрып, алдын алмаған. Заң алдында барлығымыз бірдейміз. Тәртіп қатаң бақылауда»,-дейді облыстық полиция департаментінің басшысы Атығай Арыстанов.

Жұмыстан қуылған полицейлердің барлығы жас мамандар.