Ақтөбе облысының жаңалықтары

WADA комитеті Ресейді 2020 жылғы Олимпиададан шеттетуге кеңес берді

2019-11-26 123
Спорттағы допинг мәселесіне арналған WADA конференциясы. Катовице, 5 қараша 2019 жыл.

Дүниежүзілік допингіге қарсы агенттіктің (WADA) Жарамдылықты анықтау комитеті осы ұйымның атқару комитетіне Ресейді төрт жылға халықаралық жарыстардан шеттетуге кеңес берді. Бұл ақпаратты 25 қарашада бірінші болып New York Times басылымы хабарлады, кейінірек ақпаратты WADA сайты растады, деп жазады Азаттық.

Егер атқару комитеті бұл ұсынысты қабылдаса, Ресей спортшылары 2020 жылғы Токио және 2022 жылғы қысқы Олимпиада ойындарына Ресей атынан қатыса алмайды және оған қатысу үшін допинг ережесін бұзбағанын дәлелдеуі тиіс. Бұған қоса, Жарамдылықты анықтау комитеті соңғы төрт жылда Ресейде халықаралық жарыстар өткізбеуге кеңес берген.

Атқару комитетіне жолданған құжатта Ресей спортшыларының нақты қандай ережені бұзғаны толық жазылған. Онда Мәскеудің допингіге қарсы зертханасының дерек қорын өзгерткені жайлы жазылған. Ресейдің допингіге қарсы агенттігі (РУСАДА) мәртебесін қалпына келтіру үшін осы дерек қорын халықаралық сарапшыларға тапсыруы тиіс болған.

Ресей спортшыларының допинг дауынан кейін РУСАДА стандартқа сәйкес емес деп танылған. Сол себепті 2018 жылы Оңтүстік Кореядағы Пхенчхан қысқы олимпиада ойындары кезінде Ресей жарысқа қатысу құқығынан айрылды, бірақ ХОК Ресейдің 170 атлетін тәуелсіз спортшы ретінде ойынға қатысуына рұқсат етті.

2018 жылдың соңында бірнеше шартпен РУСАДА-ның мәртебесі қайта қалпына келді. WADA құжатында осыдан кейін Мәскеу зертханасындағы деректердің бұрмаланғаны, сонымен бірге оны жасыруға тырысқаны айтылған.

РУСАДА басшысы Юрий Ганус Азаттықтың Орыс қызметіне берген сұхбатында Ресейді Олимпиадан шеттету туралы ұсыныстың салдары қалай болатынын болжап, Мәскеу зертханасындағы допинг сынамасы деректерінің бұрмалануына кімнің қатысы барын білмейтінін айтқан.

WADA атқару комитетінің жиыны 9 желтоқсанда өтеді.