Ақтөбе облысының жаңалықтары

Ақтөбелік фристайлшы Америкада ел намысын қорғайды

2019-11-13 282

Нұрсейіт Досмағамбетов Майами қаласында өтетін Red Bull Street Style турниріне шақырту алды, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Сегіз жылдан бері спорттың ерекше түрімен айналысып жүрген Нұрсейіттің жеткен жетістіктері көп. Ол бұған дейін футбол фристайлынан екі дүркін Қазақстан чемпионы, Ресейде өткен ашық біріншіліктің және әлемдік онлайн турнирлердің жеңімпазы. Осыдан үш жыл бұрын Прагада өткен әлем чемпионатына қатысса, 2015 жылы Джакартада ұйымдастырылған Азия чемпионатында үздік ондықтың құрамынан табылған.

«Кезекті чемпионатқа әлемдік футбол федерациясы еліміздің үздік спортшысы  ретінде мені таңдады. Өзімді үлкен алаңда көрсету үшін бұл маған берілген мүмкіндік және аталмыш жарысқа қатысып жатырған алғашқы қазақстандықпын. Сондықтан жоғары деңгейде өнер көрсетуге барымды саламын», - дейді Нұрсейіт Досмағамбетов.

Жас спортшы жоғарғы оқу орнын транспорттық технологиялар мамандығы бойынша аяқтағанымен футбол фристайлын таңдаған. Қазіргі таңда Нұр-Сұлтан қаласында шәкірт тәрбиелеп ерекше спорт түрін дамытып жатыр.