Ақтөбе облысының жаңалықтары

Ақтөбеде үш ауысымды мектеп мәселесі қосымша ғимарат салу арқылы шешілуде

2019-11-08 52

Ақтөбе қаласында 8 үш ауысымды мектеп бар. Қазір осы мектептердің кейбір сыныбында 34 бала білім алып жүр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде жоғары сынып оқушылары емес, бастауыш сынып оқушылары мектептерге сыймай жатыр. Кейбір мектептерде 1-сыныптар саны оннан асып кеткен. Әсіресе жаңа ықшам аудандандар бұл мәселе өткір тұр.

«Әр сыныпта 25 оқушы болуы тиіс. Бірақ жаңа ықшам аудан болған соң биыл жеті 1-сынып ашылды. Жыл сайын дәл осы қалыпты сақтап тұр. Жас отбасылары көп аудан болған соң деп болжап отырмыз», - деді мектеп директоры Латып Әліби.

Үш ауысымды мектеп мәселесін шешу үшін мектеп жанына жаңа ғимарат салына бастады. Мәселен, Ақтөбе қаласындағы №21, 27, 9 мектептерге жапсарлас құрылыс салынып, мәселе шешілді.

«Өткен жылы 7 үш ауысымды мектеп болды. Оның төртеуінде мәселе шешіліп еді, өзге аудандарда қосылып, қазір барлығы 8 мектеп оқушылары үш ауысымда білім алып жүр. Биыл 7 мың бала мектепке барды. Талдау бойынша 1,5 мың бала басқа өңірден, аудан, ауылдан келген екен», - деді қала әкімі Мавр Абдуллин.

Айта кетейік, келер жылы Ақтөбе қаласында 5 мектеп пайдалануға беріледі, оның екеуін жеке кәсіпкер салып береді. Рауан, Шилісай ауылдары мен «Нұр Ақтөбе» ықшам ауданыңдағы мектеп мемлекет қаржысына бой көтереді.