Ақтөбе облысының жаңалықтары

Көлік кептелісі жойылады

2019-11-01 146

Қала көшелеріндегі кептелісті жояға 40 жобалық-сметалық құжат дайын деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ақтөбе қаласының әкімі Мавр Абдуллин қоғам белсенділерімен кездесу өткізді. Жол жөндеу жұмыстарындағы жобалар таныстырылды. Сәңкібай батыр даңғылындағы айналма жолдан Ә. Молдағұлова  даңғылына дейінгі аумақтың автожолы алты жолақты болып қайта жөнделеді. Және  аталмыш екі даңғылдың қиылысына жол айрығы салынады. Сонымен қатар 12 мөлтек ауданындағы айналма жолда оң жақ бұрылыстар пайда болады. Әкімдік қызметкерлерінің мәліметінше, бұл жұмыстар жолдағы көлік кептелісін азайтуға мүмкін береді.

"Жылда көлік саны көбейіп келе жатқан қалада кептелісті болдырмаудың жобалары жасалып жатыр. 312-атқыштар дивизиясы мен Ә.Молдағұлова даңғылының түйіскен тұсына да жол айрығы салынатын болады.  2019 жылы 18 жобаға 4,2 млрд теңге бөлініп, жылдың аяғына дейін 33 шақырым жол жөнделеді. Қазіргі таңда жалпы соммасы 11,8 млрд теңге болатын автомобиль жолдарын жөндеу бойынша 40 жобалық-сметалық құжаттама дайын",- дейді қалалық тұрғын үй шаруашылығы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдарының басшысы Нұрлан Досов.

Мамандар осы жобалар толық жүзеге асқан жағдайда қала көшелерінің 80 пайызына асфальт төселеді деп сендіреді.

Ақтөбе қаласындағы жолдардың жалпы ұзындығы - 651 шақырым. Оның 300 шақырымына ғана асфальт төселген.