Ақтөбе облысының жаңалықтары

Сіздердің алдарыңызда қарызым көп – Оңдасын Оразалин

2019-10-30 166

Оңдасын Оразалин мүмкіндігі шектеулі болса да белсенді жұмыс істеп, қоғамдық істерге араласып жүрген 10 адамға алғыс хат берді, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

«Ашық әлем» аймақтық форумына 300-ге жуық адам қатысты. Арбаға таңылса да жігері жасымаған жандар қазір мәдени-қоғамдық шараларға қатысады, кәсіп те бастаған. Бүгін оларды облыс әкімі құттықтап, өз ризашылығын білдірді.

«Атқарушы орган ретінде өз тарапымыздан жасалып жатқан істер аз болмағанмен, қолымыз жетпей, шешілмей жатқан мәселелер де көп. Мен тек өңір басшысы ғана емес, осы елдің азаматы ретінде сіздердің алдарыңызда қарызым көп екенін мойындаймын. Әлі де болса көптеген ғимараттарда пандустардың жетіспеуі, бар болса да олардың пайдалануға ыңғайсыздығы мені алаңдатпай қоймайды. Қоғамдық көлікті пайдаланудың қолжетімсіздігі, аялдамалардың тиісті деңгейде жабдықталмағаны да біздің кемшілігіміз. Басқасын айтпағанда әркімнің тұрып жатқан пәтерінен таза ауаға шығып серуендеуіне кедергілердің көп екені де маған жасырын емес. Сіздерге пайдалануға берілетін көптеген жабдықтардың сапасы сын көтермейтінінен де хабардармын. Дегенмен осындай қаншама кедергілерге қарамастан, сіздердің қоғамдағы болып жатқан жайттарды қалт жібермей, белсенді араласуларыңыз көңілге қуаныш ұялатады. Кейде он екі мүшесі сау адамдар салы суға кетіп, мемлекетке масыл болып отыратын жағдай болады.

Ал сіздерді араңызда тағдырдың сынына төтеп беріп қана қоймай, өзін және өз отбасын ғана емес, шаруасын дөңгелентіп қаншама адамға нәпақа тауып беріп отырған қаншама мүгедек жандар жүр. Өз тарапымнан мен өзім де сіздердің өмірлеріңіздің бояуы қанық болуына қолымнан келетін жәрдемімді жасауға шын ниетіммен ықпал жасайтынымды айтып өткім келеді», - деді облыс әкімі Оңдасын Оразалин.

Облыстағы басқарма басшылары мүгедектер үшін атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Мәселен, биыл 5 мүмкіндігі шектеулі жан кәсіп ашу үшін несие алған. Денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша «Аяла» оңалту орталығында аудандағы мүмкіндігі шектеулі балалар үшін арнайы стационар ашылды.