Ақтөбе облысының жаңалықтары

Головкин-Деревянченко айқасында тағы бір титул сарапқа салынады

2019-09-18 1523


Қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин (39-1-1, 35КО) мен украиналық Сергей Деревянченконың (13-1, 10КО) кездесуінде әлем чемпионының тағы бір белдігі сарапқа салынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Боксшылар IBF нұсқасы бойынша бос тұрған орта салмақтағы әлем чемпионы титулына таласатыны бұған дейін хабарланған еді. ВКонтакте әлеуметтік желісіндегі «Қазақстан кәсіпқой боксы» парақшасындағы мәліметке сәйкес, аталмыш айқаста одан бөлек IBO вакантты титулы сарапқа салынады. Бұл туралы Халықаралық бокс ұйымы өзінің ресми сайтында жария еткен.
«Орташа салмақта IBO титулының иегері дәл осы Геннадий Головкин болатын. Ол титул 2011 жылдан 2018 жылға дейін GGG-де тиесілі еді. Сондай-ақ, қазақстандық боксшы 2010 жылдан 2018 жылға дейін WBA чемпионы, 2016-2018 жылдары аралығында WBC чемпионы болды», - делінген хабарламада.

IBO титулы кәсіпқой бокстағы мәртебесі бойынша бесінші титул саналады. Мәселен, әлемнің абсолютті чемпионы атағы үшін тек WBC, WBA (Super), WBO және IBF белдіктеріне ие болу керек.

Еске сала кетсек, Головкин-Деревянченко жекпе-жегі 5 қазанда Нью-Йорктегі (АҚШ) «Madison Square Garden» аренасында өтеді. Боксшылар екі титул үшін таласады.

Қос қарсылас бұған дейін алғаш рет бетпе-бет кездесіп, көз арбасқан еді.