Ырғыз ауданы әкімдігі: Жалдамалы коммуналдық үйлерге дәретхананы демеушілер салып берді

Ырғыз ауданы әкімдігі: Жалдамалы коммуналдық үйлерге дәретхананы демеушілер салып берді

Aktobenews.kz сайтында жарық көрген жалдамалы үйлер туралы материалға Ырғыз ауданы әкімдігінен хат келді. Аудандық құрылыс бөлімінің мамандары 2017 жылы облыстық бюджет қаражаты есебінен шілде және қыркүйек айларында қаржы бөлініп, Ырғыз ауылынан 16 жалдамалы-коммуналдық тұрғын үй құрылысы басталып, қараша айында құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталғанын хабарлады.

«Алайда аталған тұрғын үйлердің сыртқы инженерлік желілерімен қоршау жұмыстарына қаржы 2017 жылға қарастырылмауына байланысты аталған үйлерге әжетхана мен инженерлік желісін демеушілік арқылы жасалынып берілді», — деп жазады аудан әкімдігінен.

Азаматтарға тұрғын үйлер тапсырылған кезде әжетханалар орналастырылып, электр желісімен және жылу жүйесімен (бу жылыту жүйесімен жылынатын) қамтылды. 2018 жылдың жаз айында жалдамалы-коммуналдық тұрғын үйлерге сарай, қоршау және қоқыс төгетін жәшік орнатылатын болады.

Әкімдік мәліметіне сүйенсек, жобалық құжаттамаға сәйкес жалдамалы-коммуналдық тұрғын үйлерге су мен газ тарту қарастырылмаған. Тұрғын үйдің жалпы аумағы 1000 ш.м. Әрбір тұрғын үймен әжетхананың арасы 15 метр. Жобалық-құжаттамаға сәйкес әжетхана аула ішінде орналасуға тиіс.

«Бүгінгі күнге дейін жалдамалы-коммуналдық тұрғын үйлер алушылардан арыз-шағым түскен жоқ», — дейді Ырғыз шенеуніктері.

Естеріңізге сала кетейік, санаулы күн бұрын Ырғыз ауданында мемлекеттік бағдарлама аясында салынып берілген үйлер айналасында дау-дамай туындап жатқаны жайлы әлеуметтік желідегі парақшасында ырғыздық тілші жазған болатын.

Журналист «бес баласы бар адамға бір бөлмелі пәтер, жалғызбасты адамға төрт бөлмелі пәтер берілгені» туралы сөз қозғады.

«Кірмесеңдер қайтып аламыз» деген соң, жұрт жаппай кіріп, терезе жапқыштарын ұстап қойды. Жылу жоқ, аула жоқ. Біздің айқайымыздан кейін қаздай тізіп мынадай дәретханалар салып берді. Ал үйдің ішкі сапасы мынау. Ощым, әжетханаға тұруға болатын шығар, үйге тұру мүмкін емес. Су жоқ, газ жоқ. Бір төбелестің құлағы қылтиып тұр», — деген болатын журналист Шара Тұрмағамбетова Фейсбуктегі парақшасында.

Пікір қалдырыңыз