Ақтөбеде «Артек» үлгісіндегі заманауи лагерь ашылмақ

Ақтөбеде «Артек» үлгісіндегі заманауи лагерь ашылмақ

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Әсем» балаларды сауықтыру лагерінде болды. Оның жанынан жыл бойы жұмыс жасайтын балалар лагерін ашу жоспарланып отыр.

Балалар демалатын аймақ 13 гектар алаңда орналасқан. Мұнда табиғаттың өзі барлық жағдайды жасап қойғандай: өзен алқабы жақын, талы көп, шөбі мол шабындықтар мен құмды жағажайлар орналасқан. Жуырда лагерьдің аумағында жаңа оқу корпусы салына бастайды. Соның арқасында балалар сабақтан қол үзбей-ақ сол жерде демала алады.

«Елбасы қоғамымыздың басты әлеуеті болып табылатын балалардың жан жақты дамуына қашанда баса назар аударады. Сондықтан, біз облысымызда «Артек» үлгісіндегі жыл бойы жұмыс жасайтын заманауи балалар лагерін ашуға бар күшімізді салуымыз керек. Келешекте ол халықаралық болуы тиіс. Мұнда барлық аудандардан, Қазақстанның басқа облыстары мен көрші елдерден балалар келетін болады», — деді Б.Сапарбаев.

Былтыр 112 мыңнан аса ақтөбелік оқушы жазғы лагерьлерде демалды. Бұл оқушылардың жалпы санының 92 пайызын құрайды. Осы мақсатқа жергілікті бюджеттен 152 миллиондай теңге бөлінген болатын.

Облыста барлығы 11 қала сыртындағы, 384 мектеп жанындағы және 37 шатырлы лагерь жұмыс істейді.

Пікір қалдырыңыз