Ардақ Елеусіз: Мен жеңімпаз болған жоқпын, қазақтың ұлттық өнері жеңді (ФОТО, ВИДЕО)

Ардақ Елеусіз: Мен жеңімпаз болған жоқпын, қазақтың ұлттық өнері жеңді (ФОТО, ВИДЕО)

2017 жылдың үздік күйшісі, «Мен қазақпын» халықаралық мегажобасының  жеңімпазы Ардақ Елеусіз  Ақтөбеге келді.  «QAZAQSTAN» ұлттық арнасы ұйымдастырған жобаның бас жүлдесін жеңіп алған күйшіні жерлестері күтіп алды.

Барлығы да Ардақтың жеңісіне куә болып, өнерін мақтан еткендер. Ал күйшінің өзі байқауда тілеулес  болғандарға алғысын білдірді.

«QAZAQSTAN»  ұлттық арнасы ұйымдастырған мегажоба Ардақ үшін үлкен сын болды. 6 айға жуық уақытқа созылған байқау барысында еліміздің өзге өңірлерінен келген өнерпаздармен бақ сынады. Ел көз тіккен жобада намысқа тырысып, еш мұқалған емес.

Батыстың төкпе күйлерімен қатар, шертпе күйді де жақсы меңгергенін дәлелдеді. Сайыстың әр кезеңінде қазылар алқасының талабы бойынша бір-екі күй тартып, жоғарғы бағасын алды. Тіпті суырыпсалма ақындығын да көрсетіп, көпшіліктің үкілеген үмітін ақтады.

Қазақ халқының төл өнерін заман талабына сай жаңғыртқан бірегей байқаудың ақтық сыны 13 желтоқсанда өтті. Онда топ жарған жерлесіміз, бас жүлдені иеленді. «Үздік күйші — 2017» атанып, ұйымдастырушылардың марапатына ие болды.

Бұған дейін де талай мәрте республикалық, халықаралық байқауларда топ жарған Ардақ, Астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінің түлегі. Танымал күйші Еділ Басығараевтың класын тәмамдаған күйші бүгінде  Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармонияда қызмет етеді. Өнер ұжымы әрқашан әріптестерін қолдайды.

Күйші алдағы уақытта да сәті түссе талай додаларда өнер көрсететінін айтады. Басты мақсатым — ұлттық өнерді кеңінен насихаттау дейді.

Пікір қалдырыңыз