Бастапқы бет / Басты жаңалықтар / Қазақстандағы мұнай жабдықтар зауытында өндіріске қажетті құбырлар сынамадан өтеді

Қазақстандағы мұнай жабдықтар зауытында өндіріске қажетті құбырлар сынамадан өтеді

Қазақстандағы мұнай жабдықтары зауыты өндіріске қажетті құбырларды сынақтан өткізіп, өңдейді. Негізгі шикізат Қытай мен Ресейден тасымалданады. Ал дайын өнім Атырауға жөнелтіліп жатыр, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Қазақстандағы мұнай жабдықтары зауытына қытайлық инвесторлар 16 миллиард теңге жұмсады. Құрылыс жұмыстары аяқталып, қазір өндіріс орнында дайын құбырлар сынамадан өткізіліп жатыр. Құбыр өңделіп, қысымға төзімділігі тексерілген соң тапсырыс берушілерге жөнелтіледі. Құбырлардың диаметрі әртүрлі. Шикізат Қытай мен Ресейден тасымалданып жатыр. Инвестицияны «Shengyuan Technology Co.,Ltd» компаниясы құйды. Жабдықтардың бәрі Қытайдан тасымалданып, қазір жергілікті жұмысшылар арнайы тәжірибе жинап жатыр.

«Жоспар бойынша биыл 5 мың тонна өнім шығарылады. Жыл өткен сайын өндіріс орнының қуаттылығы артып, біз ішкі сұранысты түгел қамтуды жоспарлап отырмыз. Қызылорда, Маңғыстау, Атырау облыстарындағы мұнай өндіру компанияларынан тапсырыс түсті. Мұндай зауыт Ақтөбеде бар. Бірақ кейбір өнімдер тек біздің зауытта шығарылады», — деді Қазақстандағы мұнай жабдықтары зауыты директорының орынбасары Данияр Лекеров.

Айта кетейік, мұнай жабдықтарын шығаратын кешенде жанар-жағармай, газға қажетті цистерналар жасалады. Сонымен қатар, вахталық ауылдарға арналған заманауи вагондар дайындалады.

«Бізде қалыңдығы 8-10 см болатын темірді қиятын, тесетін құрал бар. Жанар жағармай сақтайтын цистерналарға қажетті шикізаттың басым бөлігі жергілікті жерде бар. Ал кейбір жабдықтары Қытайдан әкелінеді. Бұл цистернада жаңбыр мен аязға төзімділігі жоғары арнайы құрылғысы бар. Өндірістегі жабдықтың бәрі Қытайдан тасымалданған соң біз жергілікті жұмысшыларды оқытуға кірістік. Алдағы уақытта тек қазақстандық жұмысшылар еңбек ететін болады», — деді Данияр Лекеров.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *