Aqto’be телеарнасы: Бұл телемаусым бұрынғы телемаусымнан өзгерек (ФОТО)

Aqto'be телеарнасы: Бұл телемаусым бұрынғы телемаусымнан өзгерек (ФОТО)

 

Aqto’be телеарнасы жаңа телемаусымды бастап кетті. Арна ұжымы қуанышымен бөлісу үшін құрметті қонақтарын «Атамекен» мейрамханасына жинады. Шараның ресми бөлігінде облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев, қала басшысы Ілияс Испанов, «Қазақстан» ұлттық арнасы төрағасының орынбасары Серік Егізбаев, қоғам қайраткері Амангелді Айталы, «Шамшырақ-Ақтөбе» ЖШС директоры Раукен Отыншин құттықтап, арна ұжымына жаңа маусымда сәттіліктер тіледі.

«Қазір заман басқа. Сондықтан заманға сай жұмыс істеу керек. Ұлттық арна «Qazaqstan» телеарнасы болып өзгеріп, көрерменіне жаңа жобалар ұсынып жатыр. «Ақтөбе» арнасы да жаңа хабарлар әзірлепті. Талғамы биік көрермен үшін жұмыс істеп жатыр», — деді облыс әкімінің орынбасары Ербол Жолдасбекұлы.

Ілияс Испанов жаңа маусымнан жаңашылдықтарға толы жобалар күтетінін жасырмады.

Бірнеше газет-журнал мен ақпараттық сайты бар медиа топ жетекшісі Раукен Отыншин бұрын өзі жетекшілік еткен арнада өзгеріс көп екенін жасырмады. Арнаны әлі де сағынатынын жасырмады. Ұзақ жылдар бірге қызметтес болған әріптестерінің шығармашылықтарын әлі де бақылап отыратынын жеткізді. Раукен Сағызбайұлы жаңа телемаусым аясында бұрынғы қызметкерлеріне сый-сыяпатын табыстады.

Өз кезегінде, қоғам қайраткері Амангелді Айталы телеарнадан жарнаманы азайтып, рухани дүниелерді көбірек насихаттаса деген ұсынысын жеткізді.

«Еліміздің мәдени деңгейін, санасын көтеретін үлкен бағдарламалар іске қосылады деп сенеміз. Ең бастысы, қазақтың еңсесін көтеретін телеарна болсын деген тілегіміз бар», — деді Айталы.

Арнамен серіктес болып жүрген «Медиа Про» орталығының Lala тобы, Азамат Айнағұл мен Мұрат Күлетенов (Iron City дуеті) өнер көрсетті. «Мен қазақпын» жобасының қатысушысы Ардақ Елеусіз күй тартты.

Шараның екінші, бейресми бөлімінде қонақтар арнайы баннерлердің алдында естелікке суреттерге түсті.

Шақырылған қонақтардың қатарында медиақауымдастықтың өкілдері де кезікті. «Тандем» радиосының құрылтайшысы Татьяна Талаева, облыстық газеттердің бас редакторлары, Сингапурде өткен «Әлем ханымы» лауреаты Динара Еділова, танымал продюсер Жанаргүл Досова, Мұғалжар ауданы мәслихатының хатшысы, журналист Нұргүл Қалиева, 31-арна, КТК, «Хабар» арналарының меншікті тілшілері, ЖСДП филиалы жетекшісі фуршет кезінде ақ тілектерін аямады.

«Ақтөбе» облыстық арнасының директоры Ернұр Бурахан жаңа маусымда көрерменге тың дүниелер ұсынатынын жеткізді.

«Бүгінде көрерменді таңқалдыру оңай емес. Дегенмен, айналамда жақсы команда қалыптасты деп ойлаймын. Креативті иедялар ұсына алатын жастар бар. Аға буынды да ұмытпаймыз. Биылдың өзінде 8 хабардың тұсауын кестік. Қаңтар айындатағы бірнеше жоба қосылады», — деді Ернұр Бурахан.

Облыста 12 ауданды қамтыған арнаның бүгінде «Отау» жерсерігі арқылы бүкіл елге хабар тарататынын айтқан Ернұр Бурахан бейнероликтің көмегімен жаңа жобаларды шолып шықты.

Жас редактор Қонысбек Терекұлының бастамасымен «Бүк-шік» реалити жобасы бір ай бойы түсірілген. Жоба жүргізушілерінің бірі, көрермен тарапынан «жыл жаңалығы» деп танылып жүрген Айбек Намазбаев осы жобада өзін жаңа қырынан көрсете білді.

«Арнаға келгеніме көп бола қоймады. Негізінен, таңғы эфирді жүргіземін. Жаңа бағдарлама туралы ұсыныс түскенде бірден келісе қойдым. Импровизация керек болды. Бастысы, басшылыққа ұнады. Көрермен де өз бағасын беріп жатыр. Бұйырса, жаңа маусымда жаңа жобаларды қолға алып жатырмын. Спорттық бағдарлама дайындаймын», — дейді жас журналист Айбек Намазбаев.

Шара соңында арна басшысы Ернұр Бурахан журналист Қонысбек Терекұлының ұлы Сардардың тұсауын кесті.

Айта кетейік, жаңа маусымда Aqto’be арнасы «Бүк-шіктен» өзге «Елдің баласы», «Еркетай», «Вупи-пай» жобалары көрерменге жол тартты. «Ахтанов 54» ток-шоуында өзекті мәселелер талқыланады.

Марат Төлепберген, Aktobenews.kz

Пікір қалдырыңыз