Бастапқы бет / Ақтөбе жаңалықтары / Ақтөбеде Орынбордағы көз емдеу ауруханасынан мүмкіндігі жоғары орталық ашылады

Ақтөбеде Орынбордағы көз емдеу ауруханасынан мүмкіндігі жоғары орталық ашылады

«Aktobe Invest-2017» форумының қонақтарына жаңа жылдан бастап жұмысын бастайтын «Көз жарығы» офтальмологиялық орталығы таныстырылды.

«Дару» емдеу орталығының  жанынан салынған аурухана  60 орындық. Онда күніне  500 адамды қабылдай алатын емхана жұмыс жасайтын болады.

«Қазақстан бойынша миллиондаған адам көз ауруларына қатысты дәрігер көмегіне жүгінеді. Олардың ішінде 400 мыңға жуығы шұғыл көмекті қажет ететіндер. Статистистикалық есеп үлкен. Сондықтан, Ақтөбеде салынған офтальмологиялық  орталық  бірнеше өңірді қамтитын болады», — дейді «Дару» орталығының директоры Ғалымжан Елеуов.

Енді ақтөбеліктер көз ауруларын емдету үшін шетелдерді жағаламайтын болады. Еуропадан әкелінген жаңа техникалардың мүмкіндіктері Орынбор ауруханасындағы жабдықтан жоғары болатындығы айтылды.

«Бізде Қазақстандағы офтальмологиялық ауруханаларда жоқ алты аппарат болады. Орынбордағы аурухана жабдықтарының өзі бізбен салыстырғанда қарапайым. Техникалық мүмкіндігіміз жоғары және мамандарымыз қазір Еуропада тәжірибеде жүр. Біздегі емдеу түрі шетелдік талапқа сай болады. Балалар офтальмологиялық ауруханасында  13 кереует, ал  ересектерге арналған бөлігінде 48 кереует  бар. Сонымен қатар, жансақтау бөлімдері бөлек.  Швеция, Америка, Автралия, Германия елдерінен арнайы тапсырыспен техникалар келеді», — дейді «Дару жарығы» ауруханасының бас дәрігері Изольда Голландии.

Ақтөбеліктер офтальмологиялық ауруханада мемлекеттік тапсырыс бойынша ақысыз емделе алады. Қазір құрылыс  жұмыстары толық аяқталған. Енді тек шетелден жеткізілетін аппараттарды күтіп отыр.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *