Бастапқы бет / Ақтөбе жаңалықтары / 19 жастағы ақтөбелік студент қыз екі жарым жылға шартты түрде сотталды

19 жастағы ақтөбелік студент қыз екі жарым жылға шартты түрде сотталды

Орталық саябақ алдында екі адамды көлікпен басып кеткен Сезім Самұратова соңғы сөзін айтты.

«Менің тағдырым шешіледі. Болашақта сіздер сияқты болғым келді. Мен əдейі жасаған жоқпын. Жəбірленушінің отбасынан кешірім сұраймын. Олар мені кешірді, — деп көзіне жас алған Сезім Самұрат судья Гильмановаға қарап, соңғы сөзін айтты.

Бұған дейін прокурор 19 жастағы студент қызды 2 жыл жəне 6 айға бас бостандығынан айыруды сұрады.

Алайда, судья жеңілдетілген үкім шығарды. Себебі сотталушы бұрын-соңды сотталмаған, қарсы тарап кешірім берген.

Үкімге сəйкес, Сезім Самұрат шартты түрде 2 жыл жəне 6 айға бас бостандығынан айрылды. Сондай-ақ, 19 жастағы студент жаза мерзімі біткенше пробациялық бақылауда болады. Бұдан басқа, ол 5 жылға көлік айдау құқығынан айрылды.

Естеріңізде болса, оқиға 27 шілде күні кешкі сағат тоғыздар шамасында болды. Əкесінің көлігін айдап шыққан студент қыз жылдамдықты еселеп, орталық саябақтың алдында екі адамды қағып кетті.

Соның нәтижесінде бір адам оқиға орнында көз жұмып, екінші адам дене жарақатымен ауруханаға жеткізілді. Оқиғаға жауапты адам да, жәбірленушілер де — 19 жастағы студенттер.

Орталық саябақ алдындағы жантүршігерлік оқиға қоғамда қызу талқыланып, жауапты адамды көпшілік жауапқа тартуды сұраған болатын.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *