Бастапқы бет / Ақтөбе жаңалықтары / Басты рөлдерді бермей жүрген жас актриса Асу Ақтөбе облыстық драма театрынан не үшін кетті?

Басты рөлдерді бермей жүрген жас актриса Асу Ақтөбе облыстық драма театрынан не үшін кетті?

Батыс Қазақстан облысындағы жоғары оқу орнында білім алып, еңбек жолын Ақтөбеден бастаған жас актриса Асила Төреғалиева қазір Асу деген лақап атымен көрерменіне жақсы таныс. Ол актриса, тележүргізуші, белсенді. Өз-өзін қамшылап, жаңа дүниелерді өмірге әкелгенді ұнатады.

Ойын басқарып, уақытын жоспарлап, әр сағатын тиімді пайдалануды енді-енді үйреніп жүр. Спортпен шұғылданғанды ұнатады. Классик жазушыларды қайта оқып жатыр. Арманы — шетелге барып, білім алу, біліктілігін арттыру. Жас актриса Aktobenews.kz тілшісіне сұхбат беріп, өз жоспарларымен бөлісті.

Оралда оқып, білім алып, дипломы қолға түскен соң Асила Төреғалиева Ақтөбеге келді. Ол Талғат пен Алима Төреғалиевтердің жалғызы, көзінің ағы мен қарасы. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсірген қыздары ана-анасынан жыраққа кетуді, сөйтіп өз жолын табуды мақсат еткен. Ол нағыз өмірге араласып, өзі шешім қабылдауға үйренді.

Алғашында әкесі Талғат Төреғалиев қызының ертеңін ойлап, «аш қаласың, тоңасың» деп райынан қайтарғысы келді. Бірақ анасы қолдады, бойжеткен қызының шешіміне құрметпен қарап, ақ жол тіледі. Содан бері арада 5 жыл өтті. Оралдан Ақтөбеге келген жас маман Тахауи Ахтанов атындағы драма театрының қойылымдарында басты рөлдерді сомдап жүрді. Елімізде алғаш рет көлеңкелі шоуға қатысып, көрерменнің көзайымына айналды.

«Мен бес жыл Оралда оқыдым, үнемі ата-анамның жанында болдым. Оқу бітірген соң ата-анамның жанынан мүлде ұзамағанымды, үнемі олардың қамқорлығында болғанымды білдім. Мен пәтер жалдамадым, жатақхана өмірін көрмедім, күнделікті ас туралы еш ойламадым. Мен үшін бәріне ата-анам жауапты еді. Тіпті, кей кезде мен үшін шешімді ата-анам қабылдап жүрді. Сол кезде өзге қалаларда білім алған достарым өзі шешім қабылдап, өз жолымен жүрді. «Өз өмірімді өзім қолыма алмасам, ата-анамның жанында қалып қоямын» деген ой бәрін өзгертті. Сөйтіп Ақтөбеге келдім. Алдымен «Екі езу» сатира театрында, кейін Тахауи Ахтанов атындағы драма театрында актриса болып жұмыс істедім. Қазір «Медиа Про» орталығында арт директор қызметін атқарамын. Мен концерттерді ұйымдастырамын, балаларды дайындаймын. Әрі телеарнада таңғы бағдарламаны жүргіземін. Орал қаласына екі айда бір рет барып, ата-анамды қуантып тұрамын. Олар маған күнде телефон соғып, жағдайымды біліп отырады», — деді жас актриса.

Асила Төреғалиева қазақ тілінде білім алғанымен, орыс тілін жетік меңгерген. Тікелей эфир кезінде қиналды, ол өз қиындығын жеңе білді. Өзі мұның бәрі ақылшы аға, қамқор апаның, білгір әріптестің сенімі деп біледі. Сол үшін де Жаңагүл Жүрсін, Серік Әбдібек, Жанаргүл Досоваға алғысын білдіреді. Жан-жақты, алғыр, елгезек, ашық. Оның бұл мінезі бір емес, бірнеше саланы қатар алып жүруге көмектесті. Драма театры актрисасы, мұғалім, тележүргізуші қызметін қатар алды. Кейін жұмысынан ләззат алмай, алға жылжу болмай, театрдан кетті, сахнамен уақытша қоштасты.

«Мен режиссер мамандығын оқыдым, бірақ актриса болатынымды білдім. Театрдан неге кеттім? Себебі, адам өмірінде қозғалыс болуы тиіс. «Адам жұмыс орнын үш жыл сайын өзгертіп тұруы керек» деп оқыған едім. Мен театрда 5 жыл жұмыс істедім. Соңғы кезде өз бойымнан еріншектік қасиетті көп байқап кеттім. Өкінішке қарай, менде процесс болмай кетті. Біздің театрдың жағдайы, жұмысы қызықтырмады, жаңа бастаманы көрмедім. Мен де бір жерде тұрып қалдым. Сондықтан басқа жолды таңдадым. Бірақ мен біржола кеттім деп айта алмаймын. Сахнаның орнын ештеңе баса алмайды. Сахнаға шығудың түрлі жолы бар. Бірнеше адам бірігіп, жаңа қойылыммен де сахнаға шыға аламын», — деді Асу.

Асила Төреғалиеваның өз қорқынышы бар. Ол актриса. Актриса өз әріптестері театрдан қуана шығып келе жатқанын, қойылымнан соң достары гүл құшақтап, әзілдесіп, қуана әңгімелескенін сырттай бақылап тұрудан қорқады. Бұл көрініс ойында жүр, бірақ өмірде бастан өткергісі келмейді. Дегенмен жаңа бастамадан қашпайды, өзіне сенімді кезде сынаққа баруға дайын.

«Мен театрдан басқа жерде жұмыс істей алмаймын деп ойладым. Бұл адамның ішкі қорқынышы ғана. Адам қорқа берсе, көп нәрсе істей алмайды. Өмірде қорқақпын. Бірақ, өзгеруге күш саламын. Өмірде мен өзіме сенім артқаннан гөрі адамдар маған көп сенеді. «Сенің қолыңнан келеді» деп айтады. Күн сайын өз-өзіме «істеу керек», «қолынан келеді», «істейсің» деген сөздерді айтып, ойға тоқимын және бұл көмектеседі», — деді Асила Төреғалиева.

Ол қазір «Абай жолы» роман-эпопеясын қайта оқып жүр. Бір теңеу, әр оқиға ол үшін сабақ, жаңа жол. Сонымен қатар, романтикалық, психологиялық кітаптарға жаны құмар. Тек ол кітаптарды орыс тілінде оқып жүр.

Асу спортпен шұғылданғанды ұнатады. Кешкілік жүгіреді. Алдағы уақытта йогамен айналысып, акробатиканы қолға алмақ. Ол шетелге барып оқуды, білімін жетілдіруді мақсат етті. Асу «мен өнер адамымын» деп өзін биік ұстамайды, бетперде киіп алуды жөн санамайды.

«Маска» киіп алып, мені түсін, осы қалпымда қабылда деп айтуға болмайды. Қоғамның, өзіңнің алдыңда жауапкершілік болуы керек. Сондықтан мен бір саланы емес, жан-жақты болуға шешім қабылдадым. Себебі, «Құрдастар», «Гогольдің үйленуі», «Қыз жиырмаға толғанда», «Махаббат соты», «Махаббат жағалауы» қойылымдарында басты рөлдерді сомдадым. Бірақ, мен үнемі жас болып жүре алмаймын. Жасым ұлғайғанда 20-30 жастағы қыздардың рөлін сомдай алмаймын, ал кемпірдің рөлі үнемі бола бермейді. Жастармен тайталасу — абырой бермейтін іс. Сондықтан, қосымша бір жолды таңдау, қазірден бастап соған бейімделу керек. Мен ұстаз болдым, қазір ұйымдастырушымын. Бір жағынан, балалар ешқашан алдамайды. Құшақтайды, сүйеді. Құшақтаған кезде «мынау не ойлап тұр екен», «шын дос па» деп күдіктенбейсің. Бәрі анық, шынайы», — деді ол.

Ана мен бала ашық әңгіме айту керек деген пікірде. Ата-аналары үнемі жұмыста, материалдық жағдайын түгелдегенімен, моральдық тұсы ақсап қалған шақта қателіктің көп болатынын өмірден түйді. Қарапайым ғана сезімді жеткізу бала мен ата-ана арасын кіршіксіз қалыпқа түсіреді. Сырлас, дос болу, баланы жақсы көру, оны көрсету маңызды.

«Шығармашылық орталық талантты балаларды жұлдыз болуға дайындайды, ал кейбір балаларға ашылуға көмектеседі. Көбіне ата-аналар балаларына уақыт бөлмейді. Ойыншық, киім алып береді, демалыста қыдыруға барады. Бірақ әңгімелесу жетіспейді. Мен де анама «мен сізді жақсы көремін» деп айтуға ұялатын едім, құшақтамадым. Қазір күнде анама телефон шалып, жақсы көретінімді айтамын. Ол алғашында қызық көрді, кейін «мен де жақсы көремін, мақтанамын» деп ашық айтты. Бұл көңілге медеу, жүрекке жылу беретін сөз», — деді ол.

Асу өңірдегі драма театрының базар маңында емес, қаланың көрікті жерінде болғанын қалайды, армандайды. Ол көрермен үшін театрдың орналасқан жері де маңызды рөл атқаратынына сенімді.

Асила қалай атанды? Асила Төреғалиеваның есімін атасы қойды. Ағила, Сәбила есімдерінен құралған сөздің ізгілік деген мағына білдіретінін кейін білді. Кейін телеарнаға келіп, есімі елең еткізетін, адам жадына тез жатталатын Асу сөзі ойға келді. Белес, жаңа қадам, асу.

«Асу менің лақап атым. Телевидениеге алғаш келгенде есімімді еске сақтау қиын екені айтылып, лақап ат табуға ұсыныс жасады. Театр асханасында тамақ ішіп отырған кезде Илья Илиннің «Асу» суын ұстап тұрған жарнамасы болды. Сол кезде Асудың биік, белес деген мағынасын білдіретінін ойлап, бірден шешім қабылдадым. Бұл әріспестеріме ұнады. Содан бері Асумын. Кейде өз есіміммен емес, Асу деп танысамын», — деді ол.

Асила Төреғалиева жұмыстың сәтті шығуы командаға байланысты деп есептейді. Ол сахнаға қайта оралады. Бірақ дәл қай уақытта екенін әзірге белгісіз. Себебі, актриса болуды армандап, оқып, сол салада алғашқы еңбек жолын бастаған жас маман ешқашан өзін сахнадан жырақта елестеткен емес. Ол оралады. Бәлкім жаңа леппен, жаңа командамен…

Алтынай Сағындықова, Aktobenews.kz

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *