дүйсенбі , 25 қыркүйек 2017
Бастапқы бет / Ақтөбе жаңалықтары / Ақтөбеде өткен «Ақбидай» ауыл спорты ойындарының ашылу салтанатында 600-ге тарта бүлдіршін өнер көрсетті (ВИДЕО)

Ақтөбеде өткен «Ақбидай» ауыл спорты ойындарының ашылу салтанатында 600-ге тарта бүлдіршін өнер көрсетті (ВИДЕО)


Тұңғыш рет Ақтөбе облысында «Ақбидай» республикалық ойындары өтіп жатыр, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Кеше, 12 қыркүйек күні төрт жылда бір рет өтетін ауыл спорты ойындарының ашылу салтанаты өтті. Салтанатты шараға спортшылардан бөлек 600-ден астам бала қатысты. Кішкентай бүлдіршіндер стадион алаңында би билеп, өнерлерімен жұртты тәнті етті. Ал әр өңірден келген спортшылар алаңды айналып, сап түзеді. Спортшыларды Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев құттықтады.

«Ауыл спортын ұлықтап, баға беретін «Ақбидай» ауыл спорты ойындарының ашылуымен құттықтаймын! Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында негізгі  ұлттық құндылықтарымызды жоғары бағалап, игілікке жарату керектігі жөнінде айтқан болатын. Осы тұрғыда ауыл — ел мәдениеті мен әлеуетінің алтын бесігі. Ел дарындылары мен аты аңызға айналған даңқты спортшыларымыз қасиетті ауылдан шыққан. Сондықтан бұл спорттық шара ауыл спортының абыройын асырып, әрі қарай дамытады», — деген Ербол Нұрғалиев спортшыларға сәттілік тіледі.

Ақтөбе облыстық спорт басқармасы басшысы Нұрлыбек Жүсіповтың айтуынша, өңірде «Ақбидай» республикалық жарысын өткізуге 5 млн теңгеден астам қаражат қарастырылған.

«Биылғы спорт додасына еліміздің 14 облысынан 14 спорт түрінен 1500-ге жуық спортшы бақтарын сынап жатыр. Ақтөбе командасы барлық спорт түрінен толық құраммен өңірдің намысын қорғайды. Еске сала кетейін, бұған дейін Алға қаласында «Ақбидай» облыстық спартакиадасы өткен болатын. Соның ең үздік спортшыларын облыстың құрамасына қостық. Жалпыкомандалық есепте жүлделі орын аламыз деп сенемін», — деді Нұрлыбек Жүсіпов.

Еске сала кетелік, 2013 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында өткен «Ақбидай» республикалық жарысында Ақтөбе облысы 7-ші орын алған.

Жалғас Нұрғожа, Aktobenews.kz

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *