Үлкен футбол, трамвай мен кинематографсыз Ақтөбе мегаполиске айнала алмайды — Еркебұлан Закир

Үлкен футбол, трамвай мен кинематографсыз Ақтөбе мегаполиске айнала алмайды - Еркебұлан Закир

Ақтөбеде туып-өсіп, Алматыда білім алған режиссер Еркебұлан Закир таяуда түсірген «Молочный колодец» фильмін халықаралық фестивальге дайындап жатыр. Алдымен монтаж, дыбыстау өтіп, кейін жабық көрсетілім болады. Бар болғаны 14 күнде Ақтөбенің Терісаққан ауылында түсірілген фильм мен алдағы жоспарлары туралы режиссер, сценарий авторы Еркебұлан Закир Aktobenews.kz тілшісіне айтып берді.

Еркебұлан Закир бұған дейін телевидениеде жұмыс істеп, Ақтөбеде 2 фильм түсірді. Туындылары көрерменге көрсетіліп, қолдан-қолға тарағанымен, ешқайсысы фестивальге жіберілген емес. Бұл жолы «Молочный колодец» фильмін арнайы дайындап, 15 жыл бұрын жазған сценарийі қайта өңделді. Жаңа оқиғалар жазылып, ел ішіндегі өзгерістер түгел қамтылды. Тоқсаныншы жылдардың басында болған тоқырау, қайта құру кезін қамтыған сценарийдің екі шындығы бар. Бірі құдық ішіне құлап кеткен бала, екіншісі өмір бойы халық жауы атанған неміс кемпірі. Өзгесі ойдан шығарылып, импровизация жасалған.

«2002 жылы Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясына түсіп, 2007 жылы жоғары оқу орнын бітірдім. Телевидение және кино режиссерімін. Студент кезде үздік деп танылған сценарий арада жылдар өткен соң фильм болып түсірілді. Оқиға желісі 90 жылдардағы тоқырау кезеңімен дәл келеді. Шағын ауыл, балалар далада ойнап жүр. Ағаш басында радио ілулі тұрады. Күнделікті ақпарат сол радио арқылы тарайды. Негізі ол кезде ауылда электр қуаты болмаған, сүт пен айран, сүт өнімдері құдықта сақталған. Басты рөлде жер аударылып келген неміс кемпір болды. Ауыл халқы оны «фашист кемпір», «неміс» деп атап, жүрегіне жазылмас жара салды. Қария іште жатқан шерін ешкімге айтпады, қайғысын көрсетпеді. Сауатты, әлем әдебиетінің таңдамалы жинағына енген ертегілерді жатқа білетін ол ауылдың барлық баласына қамқор, мейірімді болды. Балалар сол кемпірдің ертегісін тыңдауға құштар, кейде сол үйге қонып, ғажайып ертегілер еліне саяхат жасайтын. Кино трагикомедия жанрында түсіріліп, соңында жер аударып келген кемпір өзінің ақталғаны туралы хат алып, қуанып, сол сәтте қайтыс болады. Сонымен қатар, десантшыны қосып, Кеңес одағы кезіндегі масаң тірлікті көрсеткім келді. Сол жылдары адамдар үнемі ішімдік ішіп, «теңселіп» жүретін. Той мен садақада ішімдік болды. Бәрін бір адамның тағдырымен жеткізгім келді», — деді фильм режиссері Еркебұлан Закир.

Фильм жаңа оқиғалармен аяқталады. Үнемі мас күйінде жүретін десантшы үйленеді, жаңа өмірге қадам басады. Балалар өсіп, наубайханашы, полиция қызметкері, суретші, кәсіпкер атанады. Ескі радио сол күні істен шығып, біржола үнсіз қалады.

Режиссер әрі сценарий авторы бұл үлкен істің бастамасы ғана деп отыр. Себебі, алда «Наркодилер», «Олигарх» фильмдері түсіріледі. Трилогия балалық шақ, жастық шақ, кәрілік кезді түгел қамтымақ.

Алдағы жоспарымен, үлкен жұмыстарымен бөліскен Еркебұлан Закир сценарий жазған кезде өз өмірінің бір бөлшегін қосып, кейбірін импровизациялайтынын жасырмады. Жаңа бастамаларды қолға алған кезде демеушілер өз көмегін ұсынған екен. Олардың арасында жергілікті кәсіпкерлер, режиссердің сыныптастары да бар.

«Кино түсіру оңай жұмыс емес. Бұл сенің мамандығың, соған сай жұмыс істей біл. Мен осы ережемен жүремін. Дегенмен өнерді бағалайтын кәсіпкерлер бар. «Молочный колодец» фильмін түсіруге жергілікті кәсіпкер Кеңес Жаңабаев көмектесті. Қазіргі кезде фестивальге жіберілетін фильмді монтаждау жұмысы басталады. Кейін дыбысталып, Астана қаласында жабық көрсетілім өткіземіз. Фильмді кәсіпқой оператор Досхан Уахитов түсірді. Қобда ауданы Терісаққан ауылының бірнеше тұрғыны актер болды. Басты рөлдерде Галя Дерновая, Тамерлан Дәрісқалиев, Нұртас Бисекенов, Даниал Алпысбаев, Сұлтан Жаңабаев ойнады. Ауылды табу біз үшін қиынға соқпады. Есік-терезесі ағаштан жасалған, газ құбыры тартылмаған, ескі, «шаң басқан» ауыл әлі де бар екен. Ол — Терісаққан ауылы. Бар болғаны 14 күнде толықметражды фильм түсірілді. Таңертеңнен кешке дейін тынбай еңбек еттік. Ұзақтығы – 1 сағат 30 минут. Мен телевидениеде саласында жұмыс істедім, кино түсірдім. Бірақ бұл кино менің жеке өзім түсірген алғашқы туынды. Мен ешкімге бәсекелес бола алмаймын, маған ешкім бәсекелес болмайды», — деді Еркебұлан Закир.

Кино тілін жетік меңгерген маман сценарий жазады. Ол Ақтөбеде тұрып кино саласын дамытуды мақсат етті. Жеке студия ашу жолында жұмыс істеп жүр. Ол «ақындар ауылда туып, Алматыда өледі» деген түсініктің ескіргенін, бүгін Алматыда кино түсіріп, үш айдан соң Ақтөбеге қайта оралуға бар мүмкіндік жасалғанын айтады. Алдағы уақытта жас мамандарды дайындап, Ақтөбедегі кино саласын дамытуды көздеп отыр.

«Өз студиямды ашып, оны Батыс Қазақстандағы ең үлкен студияға айналдырсам деймін. Өзімнің актерлік, режиссерлік мектебімді ашқым келеді. Кино саласын дамытуды мақсат еттім. Шағын киноакадемия болса…

Тіпті 10 сыныптан бастап балаларды қабылдап, олардың жоғары оқу орнына еш кедергісіз түсуіне ықпал етсем деймін. Кино колледжі Ақтөбеде болса бұл кинематография саласының дамығанын дәлелдер еді», — деді ол.

Еркебұлар Закир бай емес, бірақ ақшам жоқ деп те айта алмайды. Ол сценарий жазып, табыс табады, бірақ тойға шығып, уақыт жоғалтпайды. Ұстазы Соловьеваның тәлімі көп көмектескенін жиі айтады. Ол киноны жылдар бойы емес, 3 айда түсіргенді жөн көреді. Белгілі бір қалыпқа сыймайтын ойдың иесі Ақтөбе үлкен футболсыз, трамвайсыз, кинематографсыз мегаполиске айналмайды деп есептейді.

Алдымен Темір ауданындағы техникумда, кейін ҚазМУ-де білім алып, оларды тәмамдамай кетіп қалған Еркебұлан Закир 5 жыл бойы Т.Жүргенов атындағы өнер акамедиясын бір деммен оқып шықты. Бес жылы бес күндей өте шыққан соң сценарий жазуын жалғастырды. Ол Оралхан Бөкей, Шыңғыс Айтматов, Мұхтар Мағауинді оқиды. Ол жаңа туындысы арқылы болашағын ойлаған адамның артына тағы бір қарап, қателіктерін қайта саралап, алдағы күндері оны қайталамауын жеткізгісі келді.

«Әр фильмнің өз идеясы болады. «Молочный колодец» фильмі арқылы өткен шақсыз болашақ жоқ екенін жеткізгім келді. Тауға шығып келе жатқанда артыңа қарауың керек. Қай жерде қателік болды, аяғыңды шалыс бастың, соны көріп, болашақта қайталамауың керек», — деді Еркебұлан Закир.

Алтынай Сағындықова, арнайы Aktobenews.kz үшін

 

 

 

 

 

 

 

 

Пікір қалдырыңыз