Гүлсім Юсупова, әнші: Саябаққа концерт көруге келген көрерменді филармония залынан көргіміз келеді

Гүлсім Юсупова, әнші: Саябаққа концерт көруге келген көрерменді филармония залынан көргіміз келеді

Әнші Гүлсім Юсупова қазір Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармония әншілерінің көркемдік жетекші қызметін атқарып жүр. Ол қалада ұйымдастырылып жатқан концерт, байқауларға жауапты маман. Бір кездері сахнадан жиі көрінетін өнер жұлдызы неліктен ұйымдастырушылық бағытты таңдағанын Aktobenews.kz тілшісіне айтып берді.

Ақтөбеліктерге, еліміздің өнерсүйер қауымы үшін Гүлсім Юсупова есімі жақсы таныс. Ол 90-шы жылдары «Серуен» тобында ән айтты, ел аузында жүрді. 30 жылдан астам уақыт бойы гастрольге шығып, отбасы мен өнерін қатар алып жүрген әнші қазір Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармонияда көркемдік жетекші қызметін атқарып жүр. Жастардың өнерлісін іріктейді, сахнаға дайындайды, концерттерді ұйымдастырып, гастрольге шығатын ұжымды сапарға дайындайды. Мұның бәрін өзі үшін көркемдік жетекші дайындап берсе, қазір өзі осы саланың қыр-сырын меңгеріп, өнерлі жасқа жол ашып жүр.

«Әр нәрсенің өз орны бар. Біз жастарды тәрбиелеп жүрміз. сахнаға жиі шықпайын, бірақ филармония ішінде болатын өнер кештерінде ән айтып, көрермен ықыласына бөленіп жүрмін. Сондықтан да сахнаны аңсаймын, қайта оралғым келеді деп айта алмаймын. Мен өнер ортасынан алысқа кеткенім жоқ, тек өнерлі жастардың ортасында жүрмін. Көбіне концерттерді ұйымдастырамын, әншілердің сахнаға шығу ретін дайындап, кез келген оқыс оқиғаның алдын аламыз», — деді Гүлсім Юсупова.

Әнші өз еңбек жолында мәдениет қайраткері, Ақтөбе облысының құрметті азаматы атағын алды. Үздіксіз ауылдарды аралады, қаланың жарық сахнасы мен ауылдың шағын мәдениет үйінде ән шырқады. Тойда да өнер көрсетті.

«Тойға шығып, ән айту керек. Себебі, өнер адамдарының жалақысы аз, мардымсыз. Мәселен, жастар 50 мың теңгеден астам жалақы алады. Ол жетпейді. Әрі, тойға барған әнші өз бойындағы қорқынышты жеңіп, адамдар алдында өнер көрсетуді үйренеді. Нарық заманында той әншісі деп қырын қарауға болмайды. Олар ән жаздырып, сахналық киімін дайындау үшін ақша керек болса, сол қаржыны тек тойда жүріп таба алады. Бір әнді өңдеп, қайта жаздыру 1-1,5 мың АҚШ долларын құрайды. Бейнебаян түсіріп, оны эфир арқылы таныту үшін миллион теңге сұрайды. Бұл ақшаны тек тойда жүргендер таба алады», — деді Г.Юсупова.

Ақтөбеліктер жергілікті өнер жұлдыздарын жете танымайды. Сахнада жүрген жастарды бірі білсе, екіншісі көрмеген, естімеген. Мұның бәрі жарнамаға, жарнамаға қажетті қаржыға тәуелді. Ақтөбе облыстық филармониясы соңғы уақытта әлеуметтік желіні дамытып отыр. Әр концерт әлеуметтік желідегі арнайы парақшаға жазылып, көрермен ұсынысы мен тілектері ескеріледі.

«Жарнама, бейнебаян түсіру, радио мен телевидениеге ән беру қаржыға тәуелді. Қазір біздің филармонияда 25 әнші бар. Ендігі мақсатымыз жастарды танытып, топ құру, жұмысты жандандыру. Атақты әншілерді шақырып, бірер әні үшін қыруар қаржы бөлген жарамас. Өз өнерпаздарымызды қолдап, оларға сенім артып, байқауларға жиі шығарып, шыңтап отырсақ, мықты маман тәрбиелейміз», — деді ол.

Әншілік пен ұйымдастырушылық жұмысын қатар алып жүрген Гүлсім Юсупова екі баланың анасы. Қызы тұрмыс құрды. Ұлы мұнай саласының инженері. Өнер жолы қиын деген әнші балаларының басқа салаға барып, жаңа мамандықты игергенін қалады. Бірақ кішкентай жиені өзімен бірге ән шырқағанды ұнатады.

«Кішкентай жиен әнге жақын. Ол ән айтамыз десем дауысын шығарып, мәз болады. Егер бойына талант дарыса, ол адам ерте ме, кеш пе халық алдына шығады. «Мен әнші болдым, сен де өнер жолын таңда» деп тәрбиелеу мүмкін емес, әрі қате. Өзім гастрольде көп жүрген соң балалардың тұрақты жұмысқа орналасқанын қалаған едім. Енді немере, жиендеріме ондай талап қоймаймын», — деді әнші.

Өңірде әнші болуды қалап, филармонияға баратындар көп. Дипломы бар жастың ән айтатын дауысы жоқ, кейде білімі таяз болып келеді. Сондықтан көркемдік кеңес бәрін сүзгіден өткізіп, тек өнерлі жасты қатарға қосып, тәрбиелейді.

«Өзіміздің әншілерді көрсету үшін саябақтарда жиі концерт ұйымдастырылып жатыр. Сол көрерменді филармония залынан көргіміз келеді. Қолдап, концерттерімізге келсе екен дейміз. Соңғы жылдары жұмыс қызу жүріп жатыр. Бір күн тыным таппаймыз, жаңа жобаларды ұсынып, іске асыру жолында еңбек етеміз. Көрерменнің келіп, қол соққаны – сол еңбектің бағаланғаны», — деді Гүлсім Юсупова.

Ол сахналық киімдерін сақтап қойғанды ұнатады. Естеліктерінің бәрі жадында. Күні-түні жұмыс істеген күндері, ауыл, қаланы аралап қойған концерті де ұмытылмайды. Шаршайды, бірақ шаршағанын ешқашан білдірген емес.

«Жүріс көп, сондықтан кейде тамақ істеуге ерініп кетемін. Лағман, ет асамын. Манты, күріш пісіремін. Бауырларым мен асқан етті мақтайды. Жылқының қазысын, сиыр, қой, құс етін салып, ет асамын. Дәмі ерекше болады. Міндетті түрде еттің нанын қолмен жазамын. Өте дәмді шығады», — деді әнші.

Айта кетейік, Гүлсім Юсупова Шәмші Қалдаяқов атындағы халықаралық байқауда лауреат атынды. Сонымен қатар, «Шабыт» байқауында 2-орын алды. Алматы қаласында өткен эстрада әншілері арасындағы конкурста лауреат болды.

Алтынай Сағындықова, арнайы Aktobenews.kz үшін