сенбі , 24 маусым 2017
Бастапқы бет / Ақтөбе жаңалықтары / Ақтөбе мешіттерінің имамдары БАҚ өкілдеріне ауызашар ұйымдастырды

Ақтөбе мешіттерінің имамдары БАҚ өкілдеріне ауызашар ұйымдастырды

Кеше қаладағы «Афсона» мейрамханасында Бас мүфтидің атынан БАҚ өкілдеріне ауызашар берілді, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Өкіл имам Төлеби Оспанның қолдауымен, қалалық орталық мешіттің бас имамы Амантай Садиевтің ұйымдастыруымен елу адамға жайылған дастарханда облыстағы газет, телеарна, журнал, сайт журналистері мен операторлары, режиссерлары, белсенді блогерлер мен баспасөз хатшылары дәмдес болды.

Отырыс барысында өкіл имам Төлеби Дәділұлы барша жиылған жамағатты қасиетті Рамазан айымен құттықтап, тұтқан оразаларының, осы айдағы барлық ізгі амалдарының қабыл болуын тіледі. Сондай-ақ, тілшілер қауымының алда келе жатқан төл мерекелеріне арнап жылы лебізін білдіріп, қаламның ұшқырлығын, еңбектеріне жеміс тіледі.

Имамдар барлық нәзік жандыларға ақ раушан гүлдерін сыйға тартып, ер азаматтарға жазба блокноттары табысталды. Сонымен қатар, «Нұр Ғасыр» мешітінің арнайы тапсырысымен жарық көрген «Ораза тағылымы» атты кітапшалар үлестірілді.

Отырысқа сән қосқан қала өнерпаздары Көшербаевтар домбырамен терме айтып, көпке ғибрат ұқтырды. Домбыраның күмбір коңыр даусының өзі қонақтардың құлақ құрышын қандырды.  Әр сөзінде өсиеті бар, оразаның қадір-қасиетін насихаттаған жарапазан айтылып, және бір игі дәстүр жаңғыртылды. Әдемі басқосудан меймандар жақсы көңіл-күймен тарқасты.

Индира Ізбасқан

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *