дүйсенбі , 21 тамыз 2017
Бастапқы бет / Ақтөбе жаңалықтары / Төлеби Оспан, Ақтөбе облысының бас имамы: Түр-сипаты өзгерсе де, төңкерістер тоқтаған жоқ

Төлеби Оспан, Ақтөбе облысының бас имамы: Түр-сипаты өзгерсе де, төңкерістер тоқтаған жоқ

— Томағасы шешілген сәтте төңіректі тесіп өтердей өткір көзімен бір сүзіп өтіп, сонау биіктіктен қара жердегі қарайғанды қатесіз танитын қыран бүркіттің қырағылы оның өзіне ғана тән ерекше қасиеттерінің бірі. Кейде Елбасымыздың өткенді ой елегінен өткізіп, даналықтың дүрбісінен қарағандай салмақпен саралай білетін данышпандық қасиетін, алдағыны ақыл-парасатпен болжай білетін көрегенділігін дәл осы қыранның қырағылығына ұқсатамын. Ұлт Көшбасшысының бұл қасиетіне бәріміз бір емес, тіпті бірнеше мәрте куә да болдық. Ширек ғасырдан бері болашаққа басқан бірде-бір қадамының бұрыстығына шек келтіртіп көрмеген Елбасына елі де сол себепті кіршіксіз сенеді.

Қазақстан Халқына арнаған әрбір Жолдауында саралы ой, салмақты сөз айтып, болашаққа айқын бағыт-бағдар беріп отыратын Президенттің соңғы мақаласы да дер уақытында жарық көрген кішігірім Жолдау іспеттес болды.

Мақала мазмұнындағы ерекше назарымды аудартқан мәселе Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуын қалыптастыру жайында айтқан ойы. Расымен де, бейбіт заманға бой үйреткен бүгінгі қоғам, баршамыз кешегі тарих тегіс қайталануы мүмкін ғасыр парағы екенін естен шығарып қойған секілдіміз. Осыдан жүз жыл бұрын болған Патша үкіметінің отарлау саясатының озбырлығы мен өктемдігі, талай нәубет жылдарының орны толмас зардаптары кітап бетіндегі құрғақ дерек күйінде ғана қалып, сабақ болып сананы сақтыққа үйретуді ұмыттырғандай. Ел ішіндегі төңкерістердің түр-сипаты өзгергенімен, түгелдей жоқ болып кетпейтіндігін ескерткен Елбасы да мақаласында осыған ерекше мән берген болатын. Оның «Бүгінде революциялар өңін өзгертіп, ұлттық, діни, мәдени, сепаратистік перде жамылды» деген сөздерінің қазіргі таңда қоғамда болып жатқан кейбір құбылыстарға бағыттала айтылғанын байқау қиын емес. Соның ішінде, бүгінде дін атын, ислам атын жамылған жалғаншылардың жат пиғылынан үркуге әбден негіз бар. Себебі олардың нақ көздегені – әлемге исламды жайып, рухани игілікке қол жеткізу емес, жеке мүдделерінің жайы, жаһандық төңкеріс жасау, жаулап алу мен жаугершілік. Оның ішінде, еліміздің байлығына көз тігіп, сұқтана қарайтындар да жоқ емес.

Революцияның басқыншылық және бүлігі білінбейтін «бейбіт» түрде, яғни ұлттық сананы жаулау арқылы жүзеге асатындығын ескерсек, елімізде оның екі бірдей бағытының да ақырын белең алуы байқалатын сыңайлы.

Алғашқысына айғақ – өткен жылы Ақтөбе қаласында, оған дейін Алматы, Тараз, өзге де аймақтарда болған бүлікшіл бунт, өз қандастарымыздың бейбіт тұрғындарға оқ атып, халықтың қауіпсіздігінен қатер төндіре жаздағаны. Ал өз қандас бауырларымызға қару кезендіріп, оларды ұлттық құндылықтарымызды, қасиетті ұғымдарды мойындамайтындай деңгейге дейін мәңгүрттендіру, яки ұлттық сананы жаулап алу үшін жасалған «жойқын шабуыл» – исламның бет пердесін жамылған революция десе де, жаңсақ емес.

Ұлттық санамыздың улануын бүгінгі дін ұстанушы жастардың әрекетінен аңғаруға болады. Мысалы, діншіл ұл-қыздың ата-анамен бір дастарқанға отырмауы – бүгінгі көз көріп, құлақ естіген сұмдық жайт. Бұл қоғамның рухани құлдырауының бір көрінісі екені анық. Бірер уақыт намаз оқып, «ақиқат» тапқан кейбір жастар бұл әрекетін Исламның асыл құндылықтарымен байланыстырғысы келеді. «Намаз оқымайтын адам – кәпір. Менің әке-шешем де солардың қатарынан» деп міз бақпай «пәтуа береді». Һәм осы пиғылы үшін сауапқа кенелетіндігіне имандай сенеді. Құраннан да, хадистен де ілімі аз жастарды өз мақсаттарына пайдалануды көздейтін сыртқы күштердің діттегені де осы. Сол себепті олар жастарды Ислам құндылығына емес, әдейі әсіредіншілдікке бағыттауда. Алайда, әсіредіншілдік –  дінсіздік сияқты қауіпті. Бізге керегі – діндарлық. Бұл орайда, екі мәселе туындайды. Біріншіден, намаз оқымаған кәпір ме? Екіншіден, мұсылман емес адаммен қарым-қатынас қалай болмақ? Әрине, намаз – діннің тірегі. Қияметте пендеден ең бірінші сұралатын амал – бес уақыт намаз. Ешкімге «намаз оқымай-ақ қойыңыз» деп айта алатындай Құдайдан үмітсіз емеспін. Десе де, «Лә иләһа иллә Алла, Мұхаммад расул Алла» деп айтып, жүрегімен «Алладан басқа Құдай жоқ, Мұхаммед – Оның елшісі» деп иман етсе, мұсылман болмақ. Мәселенің нәзік тұсын дұрыс түсінген жөн. Бес уақыт намаз оқу – парыз, бірақ оқымаған адамды кәпір деу шариғатта жоқ.

Екінші мәселе – мұсылман емеспен қарым-қатынас. Құран Кәрімде: «Дінде мәжбүрлеу жоқ…», — деп әмір етеді. Бұл аят: «Ислам дініне кіргізу үшін ешбір адамды мәжбүрлемеңдер. Яғни, он сегіз мың ғаламда Исламның ақиқат дін екенін көрсететін ашық та анық дәлелдер көп-ақ», — деп тұрғандай. Аталмыш аяттың түсу тарихы ансар сахабаның отбасына қатысты болса да, үкімі барша адамзатқа ортақ. Салим бин Ауф әулетінен болған Хусойни есімді сахабаның екі бірдей баласы насара дінінде болады. Әкесі – мұсылман, ал – балалары насара. Хусойни Пайғамбарға (с.ғ.с.) келіп: «Ол екеуін мәжбүрлеуіме болады ма? Олар тек насара боламыз деп тұрып алды», — деп мұсылманшылықты мәжбүрлеп қабылдатпақ ниетін білдіреді. Сонда аталмыш аят уахи етілген екен.

Сонымен қатар, Құран Кәрімде де Ибраһим пайғамбар (ғ.с.) Аллаға иман етпеген әкесіне: «Әй, әкетайым! Шайтанға табынба! Анығында, шайтан Рахман Аллаға бойұсынбаушы болды», — деп жұмсақ сөйлейді. Нұх және Лұт пайғамбарлардың (ғ.с.) әйелдері де Құранда: «Алла Нұхтың әйелі мен Лұттың әйелін күпірлік етушілердің мысалы етіп келтірді. Ол екеуі Біздің құлдарымыздан екі ізгі құлдың некесінде еді. Ол екеуі оларға қиянат жасады…», — деп баяндалғандай, намаз оқымақ былай тұрсын, тілдерін кәлимаға келтірмеген еді. Қос пайғамбар да әйелдері кәпірлермен бірігіп, күйеулеріне қарсы қиянат етпейінше бір шаңырақта өмір сүре берді. Демек, әке-шешесі, бауырларының мұсылман болмауы олардан біржолата ат құйрығын кесіп, безіп кетуге себеп болмады. Бірге өмір сүруіне кедергі етпеді. Қала берсе, олармен қарым-қатынаста көркем мінез танытып, сабырлықпен ғұмыр кешті. Құран – біреу, алайда, жастар аяттарды түсініп оқи ма қалай? Әлде, әлгі жастардың Нұх және Ибраһим (ғ.с.) пайғамбарлардан да иманы мықты болғаны ма? Әрине, мәселенің бүге-шігесіне қанық болмаған адамның өзі пайғамбарлар адамзаттың ең абзалы екенін біледі.

Құран Кәрімде: «Алла дін тұрғысында сендермен соғыспағандарға және жұрттарыңнан қуып шығармағандарға жақсылық жасауларыңа және оларға әділдік етулеріңе тыйым салмайды. Шын мәнінде Алла әділдік етушілерді жақсы көреді», — деп мұсылманның дініне тиіспеген адаммен бірге тату-тәтті, ынтымақта өмір сүруге шақыруда.

Бұл аятқа қатысты бір деректе, Әбу Бәкірдің қызы Әсмаға (Алла екеуінен де разы болғай) мынадай оқиға баян етіледі: «Әсманың (р.а.) анасы әлі мүшрік кезінде Мадина қаласына қызын көруге келеді. Бұл – Мекке мүшріктері мен мұсылмандар арасында Худайбияда жасалған келісімнен кейінгі болған шақ. Сонда Әсма (р.а.) Алла елшісіне (с.ғ.с.) келіп: «Уа, Алла елшісі! Анам мені сағынып, көруге келіпті, оған жақсы қарым-қатынас жасайын ба?», – деп сұрайды. Пайғамбар (с.ғ.с.): «Иә, анаңа жақсылық жаса», – деген екен. Демек, Құран мен хадис айтып тұрған насихатқа әсіредіншіл жастардың іс-әрекеті түбегейлі қарама-қайшы. Мұны білген жөн.

Абайша айтқанда, адамзаттың барлығын сүю – мұсылманның міндеті. Ал, әсіредіншіл жастардың бөтен дін өкілі тұрмақ, өз ата-анасына мінез көрсетуі – дінімізде үлкен күнә. Ата-ананы ренжіту – екі дүниеде де адамды бақытсыз ететін кесір. Сондықтан, жастар әсіредіншіл емес, діндар болса, дүмше уағызшыны емес, дін тірегі Құранды дұрыс үйренсе екен деген ізгі тілек бар.

Туғанынан теріс айналып кетуге де дайын, екінің бірін дінсізге балап, діннен бездіретін адасушылардың және бір сипаты – ата дәстүрді жоққа шығарып, ғасырлар бойына қалыптасқан мәдениетімізді мансұқтауы. Ғұрпымыздың біразын Аллаға серік қосу деп секем алдырып, өліге құран бағыштауға, қорымның маңынан өткенде немесе дұғадан кейін бет сипауға болмайды деген сияқты түрлі тыйымдарды санаға құйып алған олар тарихы мен тамырынан ат-құйрығын кескендей оңай бас тарта салуға әзір. Бұл да болса дініміз бен ділімізден, тілімізден айырып, жаппай құндылық ұғымынан жұрдай етуді қалайтын, жастарды жалған діндарлықпен жеңіл арбайтын сыртқы күштердің қитұрқы саясаты екені анық. Елбасының жаңғырған қоғамның қалыптасқан рухани кодын сақтап қалуға, ескі менталитеттің озығы мен тозығын електен өткізе отырып, ұлттық сананың ашықтығын қалыптастыруға, рухани жаңғыруға жіті мән беруі де сондықтан. Себебі тарихын танымайтын, өткенін қастерлемейтін, дәстүрін дәріптемей, мәдениетін мойындамайтын ұрпақты адастыру өте оңай.

Небір нәубетті бастан өткерген қазақ халқының егемендікті еңсергенімен, өткеннің орны толмас зардаптары, оның ішінде халық шығыны қалыпқа әлі келе қойған жоқ. Бір деректерде 1917-1918, 1921-1922 және 1929-1933 жылдары ашаршылықтың салдарынан халық ішіндегі қазақ санының 1926-1939 жылдар аралығында 1 миллион 247,7 мыңға немесе 35,8 пайызға азайғандығы айтылады. Бұл – бүтін халықтың үштен бірі қырылды деген сөз.

Ал мемлекеттік саяси басқарма өкілдерінің 1933 жылғы есебі бойынша 47578 қазақ босқын елін, жерін тастап, көршілес Қарақалпақ жеріне кетуге мәжбүр болған. Әрі олардың 2357-сі – панасыз балалар. Әйткенмен, мұнда да қиыншылық көріп,  босқындардың тең жартысынан да аз бөлігі, дәлірек айтқанда 22 мың адам ғана аман қалған.  Өзгесі жұқпалы ауру, әр түрлі дерттен қаза болып, тіпті кейбір деректерде бір ғана Ходжелі ауданында бір айдың ішінде 200 адамның көшеде өлгендігі көрсетілген.

Қазіргі Сириядағы діни қақтығыстар да қолдан жасалып отырған саяси ойын. Бүгінде сириялықтардың  оқ пен оттан қашып, босып кеткендерінің саны шамамен 5 миллионға жеткен. Мысалы, Ливанның өзінде жер ауып келген мигранттар саны миллионға жеткен, Иорданияда – 1 миллион 400 мыңнан астам. Халық көшкенімен, көбісінің күн көрісі төмен. Адамдары ашқұрсақ, күйсіз, қорғансыз.

Кейбір бейресми деректер бойынша, ендігі жетінші жылға жалғасқан Сирия еліндегі азаматтық соғыс жүз мыңдаған адамның өмірін қиып, миллиондаған сириялықтарды босқындарға айналдырған.

Мұндай мысалдарды әлем бойынша көптеп келтіруге болады. Ал қаупі төнген төңкерістерге төтеп берудің бірден-бір жолы – ұлттың тұтастығы мен халықтың рух-жігерінің мұқалмас мықтылығы. Қоғамның рухани жаңғыруын болашаққа бағдар деп белгілеген Елбасының бұл шешімі көрегенділікпен жасалған кезекті батыл қадамдарының бірі.

Төлеби ОСПАН, ҚМДБ Ақтөбе облысы бойынша өкіл имамы

 

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *