Бастапқы бет / Ақтөбе жаңалықтары / Сапарбаев сенбіліктерге тек дәрігерлер мен мұғалімдерді шығара алатынын айтты

Сапарбаев сенбіліктерге тек дәрігерлер мен мұғалімдерді шығара алатынын айтты

 

Ақтөбе облысының басшысы жүрген жерінде міндетті түрде тазалық туралы айтады. Соңғы он күнде Ырғыз, Шалқар, Темір аудандарын аралаған ол осы әдетінен танбай, айналаны таза ұстау керектігі жөнінде әңгімеледі, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Шұбарқұдық кентінің тұрғындарымен кездескен ол биліктің сенбіліктерге тек дәрігерлер мен мұғалімдерді шығаруға күші жететінін меңзеді.

«Айналаны таза ұстау керек. Сол үшін тазалық шараларын өткіземіз. Алайда, сол сенбілік атаулыға тек дәрігерлер мен мұғалімдерді, бюджеттік сала қызметкерлерін шығара аламыз. Әкімдіктегі басқарма басшылары мен бөлімдердегі мамандар біреулердің үйлерінің айналасын тазалап жүреді. Ал иелері терезеден, балконнан қарап тұрады. Ол аз болса, сыпыртқы мен күрек ұстап жүргендерге «ананы дұрыстап тазала, мынаны былай жаса» деп команда беріп қояды», — деді ол жиналған тұрғындарға.

Бердібек Сапарбаев тазалық шараларының өзге емес, алдымен тұрғындардың өз игіліктері үшін жасалатынын жеткізді. Облыс басшысының жасыл желектерді де көптеп отырғызу керек деп айтуының кемі жоқ.

Марат Төлепберген, Aktobenews.kz

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *