Бастапқы бет / Ақтөбе жаңалықтары / «Екі езу» театры журналист Қажымұқан Ғабдолланы қолдап Оралда концерт өткізбек ниетте

«Екі езу» театры журналист Қажымұқан Ғабдолланы қолдап Оралда концерт өткізбек ниетте

Оралдық журналист Қажымұқан Ғабдолланың басына түскен қиындық жөнінде «Екі езу» театрының негізін қалау Нұрлыбек Жұбатқан өзінің желідегі парақшасында бөлісе, келе оны қолдап концерт өткізуге дайын екендігін жеткізді, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

«Ауру айтып келмейді. Ел үшін шындықты айтып шырылдап жүрген журналист Қажымұқан Ғабдолланың басына түскен қиындық кім-кімді болса да ойландырады. Батыс Қазақстанның азаматтары көмек берейік! Өнер адамдарының қолынан келетіні қайырымдылық концерт. Ақтөбе қаласындағы «ЕКІ ЕЗУ» сатира театры қол ұшын беруге дайын. Бұған дейін де олар сауапты істердің басы-қасында жүрген ұжым. Тіпті, ақтөбелік әншілер де Орал қаласына бірге барып концерт беруге қолдау білдіріп жатыр. Енді Орал қаласынан бір азамат шығып, қайырымдылық концертті ұйымдастыруға септігін тигіссе жақсы болар еді.Бұл қасиетті Ораза айында үлкен сауап қой. Осы ұсыныс жөнінде жанашыр адамдар хабарласса екен», — деп жазады Нұрлыбек Жұбатқан.

«Екі езу» театрының жетекшісі қиын жағдайға душар болған Қажымұқан Ғабдолланың жазбасымен де бөлісіпті.

«Бұл өмірде қолымнан бар келетіні — газет шығару. Сол газеттерде қашанда қазақты қорғадым, мұң-мұқтажын айттым. Биліктегілерден біраз құқай да көрдім. Яғни, баспаханалар оппозициялық көзқарастағы газетті ат тонын ала қашып баспайды немесе қымбат бағаға ғана басады. Жалғыз өзім бар газетті шығарамын. Ешкім маған айлық төлемейді. Газеттің сатылған ақшасын келесі санға төлеп күн көріп жатырмын. Мемлекеттен ешқашан тендер алып көрмедім. Газетімнің ешқандай демеушісі де жоқ. Бизнесмендер менің газетіме жарнама да бермейді. Жарнама бермеуінің екі себебі бар: біріншісі, газетті оппозициялық деп қорықса, екінші себебі газет таза қазақтілді. Қазақтілді газетке егемен еліміздің батыс өңірінде әлі күнге дейін ешкім жарнама бермейді…», — дейді Қажымұқан Ғабдолла.

Журналистің айтуынша, әйелі былтыр қайтыс болды. Үш баласы бар, соңғы екеуі — мүгедек (ортаншысы мен кішісі). Ортаншысының есімі — Мұхтар, кіші қызының есімі — Інжу. Екеуінің де диагноздары — ДЦП.

«Барлық емді алуға қаражат жетпейді. Дегенмен әрекет жасап келеміз. Жыл сайын балаларымды Астанадағы балаларды оңтайландыру орталығында емдетеміз. Жақын күндерде Қытайға кешенді емделуге баруымыз керек. Бәлкім, кешенді емделуден толыққанды өткен соң, қуантарлық нәтиже байқалар, қытай дәрігерлерінің де уәде-үміті осындай. МЕН БАЛАЛАРЫМДЫ ҚЫТАЙДА ЕМДЕТУГЕ ҚАЗАҚТЫҢ БАЙ АЗАМАТТАРЫ КӨМЕКТЕСУІН СҰРАЙМЫН…», — деп жазады журналист.

Қажымұқан Ғабдолланың ұялы байланыс нөмірі: +7 701 111 61 05.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *