Бастапқы бет / Басты жаңалықтар / Бердібек Сапарбаев Нұрлан Өнербаевпен бірге ән салды

Бердібек Сапарбаев Нұрлан Өнербаевпен бірге ән салды

Ақтөбеде алғаш рет «Ән-ғұмыр» ретро фестивалі өтті. Онда әнінің әсем сазы мен өлеңінің сөзі талай жүректерді тебіренткен әндер шырқалды. Фестиваль Нұрғиса Тілендиев, Шәмші Қалдаяқов, Әсет Бейсеуовтердің шығармаларына арналды.

— Қаламызда алғаш рет өткізіліп жатқан байқау облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасы аясында ұйымдастырылды. Мұндағы мақсат — ғұмырлы әндерді жастардың санасына сіңіріп, өнерімізді биіктету, — дейді облыстық мәдениет, құжаттама және мұрағаттар басқармасының басшысы Қанат Айтбаев.

Биыл — Тәуелсіздіктің 25 жылдығы. «Осы мерейлі мерекеге орай ұйымдастырылып жатқан әрбір мәдени іс-шара Мәңгілік ел болуға ұмтылғандығымыздың көрінісі деп білемін. Біз мәңгілік ел болуға ұмтылған халықпыз. Халықтың тарихы, мәдениеті, өнері ұмыт болса, ол халық мәңгілік бола алмайды. Сондықтан ақтөбеліктер қолға алған ретро әндердің кеші өте керемет бастама,» — деді Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, кешке арнайы шақырылған әнші Нұрлан Өнербаев.

Кеш соңында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев сахна төріне шығып, Нұрлан Өнербаевпен бірге «Құстар» әнін шырқап, өнер адамдарына Ақтөбе жұртшылығына мерекелік көңіл сыйлағандары үшін алғысын білдірді.

Сондай-ақ, сол күні некелерін қиғызып, саябақта серуендеп жүрген жас жұбайлар облыс әкімін көре сала, бата сұрады. Жас отау иелеріне бақытты ғұмыр тілеген әкім олармен естелік суретке түсті.

Жанна ЕРАЛИНА.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *