дүйсенбі , 21 тамыз 2017
Бастапқы бет / Басты жаңалықтар / «Біздің ауылда да соғыс болған секілді…» (ФОТО)

«Біздің ауылда да соғыс болған секілді…» (ФОТО)

Кезінде аудан орталығы болып гүрілдеп тұрған Қарабұтақ бүгінде қаңырап тұр.

Ақтөбе облысы Қарабұтақ ауылының тұрғындары ауылдың болашағына алаңдайды. Кезінде шаруасы жүріп, жайнап тұрған ауылда бүгін құлап тұрған үйлер көп. Тек қаладан кірер жалғыз асфальт жолдың бойынан ғана әктелген үйлерді көруге болады.

«Біздің ауылдың дәурені өткелі қашан! Бұрын ауылда бәрі болды. Бар нәрсеге ие бола алмай, бәрін ырым-жырым қылып құрттық. Тұрғындар да шаршаған, ауылда ауылда жұмыс жоқ. Еңсесі езілген халықтың мал ұстауға да зауқы жоқ.  Осы тірлікке еті үйреніп бара жатқандай», — дейді такси жүргізушісі.

Ауылдағы тұрғындардың жұмыс жасайтын жері мектеп, аурухана және балабақша. Көлігі барлар қала мен екі ортада қатынап, такси болып жүр. Қалғанында жұмыс жоқ. Ауыл тұрғындарының бар үміті облыс басшысында.

«Бізге жақсы әкім келді. Бердібек Сапарбаев халықтың жағдайын ойлап жүретін адам. Ол ілкіде үйлері құлап жатқан ауылға барып «Ауылыңда соғыс болды ма?» деп әкімдеріне ұрысты. Баспасөзден оқып білдік. Біздің ауылда да соғыс болған секілді. Қираған үйлер көп. Ауыл азып-тозып тұр. Ендігі біздің бар сеніміміз сол кісіде», — дейді ауыл тұрғындары.

Мектеп жанындағы қираған үйлер ауыл көрінісін көңілсіз ете түскен. Қолы сынған пионер мүсіні де мектеп алдынан алынбаған. Қираған бағаналар да құлаған жерінде жатыр.

20160726_130822-01

 

 

 

3 Пікір

  1. Аида Аяганова

    Қарабұтақ ауылы қазіргі таңда дамып, көркейіп келе жатқан ауылдардың қатарында. Әйтеке би ауданындағы газ құбыры кірген алғашқы ауыл! Қазіргі таңда ауылдың жағдайы өте жақсы. Ауыл Астана-Ақтөбе, Самара-Шымкент тас жолдарының қиылысында орналасқандықтан кәсіп ашып, жұмыс жасаймын деген адамдарға мүмкіндіктер көп. Ауыл жанында үш авто жанар-жағар май құю стансасы, Кемпинг, қонақ үй, екі үлкен тойхана бар. Әлі де салынып жатқан ғимараттар бар. Көшелері таза, әлеуметтік нысандардың барлығы жөндеуден өткен.Үйде жатқан адамға ешкім келіп тамағын, ақшасын әкеліп бермейді.
    Мына суреттерде көрсетілген қираған үйлер қай ауылдың үйі екені беймәлім. Өзім осы ауылда туып өстім, мектебінен түлеп ұштым. Туған жерімді, туған елімді мақтан тұтамын! «Еңбек етсен емерсің» деген мақалды шығарған қазақтар дәл осылай өз елін азырқамайды, керісінше жұмыс жасап, жерінің, көркейуіне үлесін қосады.

  2. Арыстанбек

    Қарабұтаққа газ келді

    Бұрынғы аудан орталығы болған Қарабұтақ ауылының жергілікті тұрғындары үшін көптен күткен көгілдір отын мәселесі шешілді. Бүгінде 2400-ден астам тұрғыны бар Қарабұтақ ауылында былтыр құны 1 миллиард 660 миллион теңгеге бағаланған магистральды газ құбырының құрылысын салу жұмыстары аяқталды. Магистральды газ құбырының ұзындығы — 71 шақырым. Бұл шаруаны атқаруға ауқымды қаражат республикалық бюджеттен қарастырылды. Ұзындығы 42 шақырымдық ішкі кварталдық газ құбырының құрылысы аяқталып, жергілікті тұрғындарға көгілдір отын жеткізілді.

  3. АУЫЛДЫ ҚАҢЫРАТҚАН КІМ?
    Сіз айтқандай біздің ауылдың дәурені өткен жоқ, жаңа басталды. Сонау тоқсаныншы жылдары ауылдағы үйлерін бұзып, баспанасының орнына үйіндісін қалдырып босып кеткендер, қазір ауылға келіп, аяушылық танытатын болыпты. Ауылдың кезінде қирандыға түсуіне өздері емес, ауылда қалғандар, әкімдер кінәлі көрінеді. Жалғыз әкім жаңа өмір орнатып бере ме?
    Одан бері қанша су ақты, қанша құрылыс жаңадан бой көтерді, ауылға ауыз су келді, тұрғындар көгілдір отынға қол жеткізді, балабақша, дәрігерлік амбулатория, мал дәрігерлік зертхана, кафе, мейрамхана, кемпинг, т.б. ашылды, қанша үйінді қоқысқа жөнелтілді. Бұндай игі шараларды көкірегі соқыр адам ғана көрмейді.
    Жұмыссыздық көп деген бос сөз, есесіне еріншектер бар деген дұрыс. Қазір мемлекет өзін-өзі қамту мәселесіне жеткілікті көңіл бөлуде. «Сыбаға»,»Алтын асық», «Құлан», «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламалары осының айғағы. Көптеген адамдар жеңілдетілген несие алып, шаруашылықтарын дөңгелетуде. Жұмыс жоқтықтан таксист болып жүрміз деп ақталады. Жолаушы тасу жауапты әрі табысты жұмыс. Олар күніге кем дегенде 12 мың теңге ақша табады. Айына 360 мың. Бірақ солардың төрттен үші салық төлемейді. Өйткені қаражаты жетпейді. Шүкірлік қылмай, жоқ десең жоғала береді ғой.
    Кезкелген адамға кеңседен қызмет табылмайтыны шындық. Құрылыс, ауылшаруашылығында мал өсіру, мал емдеу жұмыстарына адам табылмай жатыр. Неге бармасқа? Неге жұмыс таба алмаған жастар жаңа мамандық игермеске?
    Кейбір ақталмаған,шарбағы дұрысталмаған үйлер көрсетіліпті. Бұл да еріншектіктің салдары. Әйтпесе сен басыңа баспана етіп отырған жекеменшік үйіңді біреу келіп жөндеп береді десе, қашпаған қара сиырдың уызынан дәмету болмақ.
    Ауылда тұрып ауылды сынасаң да, қалаға қашып кетіп ауылды сынасаң да жауапкершіліктен қашып құтыла алмайсың, бауырым.
    Мұқағали ақынның ауылдан кеткендерге арнаған өлеңін оқып па едің:
    Күте-күте,
    Көзі талып.
    Күн сарғайып батқандай,
    Күте-күте,
    Жұлдыздардың жанары да аққандай,
    Зират екеш зираттар да,
    Бізді жоқтап жатқандай…
    Бізде солай, ауылдан аяқтанып алысқа қанат қақандар ауылына оралмаса да ауылының көркеюіне үлес қосар деген үміттеміз…

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *