жұма , 23 маусым 2017
Бастапқы бет / Қоғам / Шашын боятуға құмар ер адамдар көбейген

Шашын боятуға құмар ер адамдар көбейген

Шебер: «Шашымды бояп беріңізші» деп келетін жігіттерді қыз-келіншектерге арналған салонға жебереміз.

Ақтөбеде ер адамдарға арналған шаш қию салонын ашқан Арай Төлегенов бесінші сыныпта оқып жүргенде-ақ шаш қиюды бастаған. Ол ер адамдардың шашын қиып, сақалын түзеп береді.

— Қазір шаштараз көп, сіздің жобаңыздың ерекшелігі қандай?
— Басқа шаштараздарда әйелдер мен ерлер бір жерде шаш қидыртады. Бірақ ол өте ыңғайсыз. Екіншіден, әйелдер салондары әдетте түрлі-түсті, ашық түстермен безендіріледі. Ал ерлердің табиғатына қызыл түстің жағымсыз әсер ететіні дәлелденген. Біздің салонда ішкі интерьердің безендірілуі ұстамды, артық ештеңе жоқ. Күн сайын кемі он шақты адамның шашын қиямын. Күнде тек ер адамның шашын қиғандықтан, тәжірибең де көп болады, қолың да жаттығады. Ал әдеттегі салондарда әйел мен ер адамның шашын алма-кезек қиясың. Ол дұрыс емес.
— Кәсібіңіз не себепті «Barbershop» деп аталған?
— Бұл жоба негізінен Ұлыбританиядан бастау алған. «Barber» — сақал, «shop» дүкен деген мағына береді. Шетелде «Barbershop» дүкендерінде ер адамдарға қажетті барлық зат сатылады. Сол жерлерде ер адамдар сақал-шашын алдыртады. Мұндай орындар қазір Қазақстанда да ашылып жатыр. Бір жылдай Алматыда жұмыс жасадым. «Barbershop» дегеннің не екенін сол кезде түсіндім. Меніңше, ер адамдардың сақал-шашын ер адам қиғаны дұрыс. «Barbershopтың» жұмыс істеу принципі сондай. Содан кейін Астанаға барып, шеберлерден дәріс алдым. Өзім де ерлерге арналған салон ашуды ойладым. Алғашында салонды «GGG» деп еліміздің бокс шеберінің атымен атауды ұйғардым, кейін кәсіпте өз қолтаңбамды қалдыруды ойлап, «ТАBarbershop» деп өзгерттім. Жеке кәсібімді бастағаныма биыл тура бір жыл болады. Ал жалпы шаш қиюмен жеті жылдан бері айналысып жүрмін. Бес жылдай әмбебап маман болып жасап келемін.
— Танымал шаштараз болуды армандадыңыз ба?
— Бұрын мен шаштаразды мамандық, не кәсіп деп ойлағаным жоқ. Олар тек әйел адамның шашын қияды, тырнағын бояйды, бетін әрлейді деп ойлаушы едім. Әскерден келгеннен кейін апам: «Жұмысың табылғанша шаштараз бола тұр, менде қажетті құралдардың барлығы бар. Сенің қолыңнан келеді», — деген соң, келісіп, бірден бастап кеттім. Ол кезде апам да шаштараз еді. Жұмысым қатты ұнады, әрі ол менің қолымнан келетін шаруа еді. Жұмысыма беріліп кірістім. Бесінші сыныптан бастап шаш қиятынмын. Туыстарымның, достарымның шашын қиып беретінмен. Кейін әскерде жүрген кезде де шаш қидым.
— Келушілердің көңілі толмайтын кездері бола ма?
— Иә, ондай жағдай бәрінде болады. Жұмысты алғаш бастаған жылдары менде де жиі болды ондай жағдай. Шаш қидыруға келген адамның шашын уыстап ойып ала беретін едім. Көбіне әйел адамдарға менің шаш қиғаным ұнамай қалатын. Ренжіген ер адамдардың да кейде: «Жүр, сыртқа шығып сөйлесейік» немесе «Бас киім сатып алып бересің» деп айтатын кездері болды… Қазір тәжірибем мол. Бұрын келушілермен жұмыс жасай білмейтін едік. Қазір қызметкерлерге ұсақ-түйектің бәрін үйретемін. Алматы, Астана қалаларында шеберлерден сабақ алып, шаштың, сақалдың формаларын келтіруді үйрендім. Ер адамдардың шаш үлгісінің негізгі екі-үш түрі бар: қысқа және ұзындау. Қалғанын адамның бет пішініне қарап келтіреміз.
— Сақалын қидыру үшін арнайы келетіндер бар ма?
— Арнайы келетіндер бар, әрине. Сақал өсіруге қызығатындар көп. Бірақ жұрттың бәріне бірдей сақал шыға бермейді. Көсе адамдар болады. «Сақалды қалай өсіруге болады, қандай жақпа май жағуға болады» деп, кеңес сұрайтындар да көп. ЖастарТиматидың сақалына көп қызығады. «Сондай қылып қалай өсіруге болады?» деп келетіндер бар. Сақалы қалыңдау өсетіндерге Тиматидің сақалының формасын салып беруге болады.
— Ер адамдардың арасында тырнағын қалыпқа келтіру үшін келетіндер бар ма?
— Жоқ. Негізі бұл қызметке сұраныс аз. Мен ер адамдардың тырнақ жөндетуге келіп отырғанын елестете алмаймын. Ол біздің менталитетімізге де келмейді. Ер адамдар тырнағын алдыру үшін салон жағалап жүрмеуі керек. Шашын боятқысы келетін ер адамдармен де жұмыс жасай алмаймыз. «Шашымды бояп беріңіз» деп келетін ер адамдарды әйел адамдарға арналған салондарға жебереміз.
— Шәкірттеріңіз бар ма?
— Қазір жеті шеберді үйреттім. Олар сақалды да, шашты да жақсы қиып жүр. Қазір қаланың екі жерінен жалға орын алып, салон ашып отырмын. Тағы үш жерден ашқым келеді. 8-мөлтек ауданынан, Есет батыр көшесінен және қаланың шеткі аудандарынан ашқымыз келеді. Шаш қию бағасы — мың теңге. Қиып, жуып береміз.

1 пікір

  1. Марлен

    Мекен жайын, бересиздерме?, рахмет

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *