сенбі , 24 маусым 2017
Бастапқы бет / Сараптама / Қазаққа Baby box керек пе?

Қазаққа Baby box керек пе?

Соңғы кезде қара көз қазақ қыздарының оң босағада отырып туған баласын дәретханаға, жолдың бойына, көшедегі күл-қоқыс жәшігіне тастау оқиғалары көбейіп кетті. Оның ішінде Ақтөбе облысында жыл басынан бері жаға ұстатқан оқиғалар желісі жиіледі. Қандыағашта подъезге, Ақтөбе қаласында дәретханаға шарананы лақтырып кеткендерді ана деп айтуға ауыз бармайды. Өткен сәуір айында Астанаға барып босанып, подъезге баласын тастап кеткен де ақтөбелік қыз болып шықты. Оларды қазір «безбүйрек ана», «көкек ана» деп жабылып жазғырып жатырмыз. Бірақ бұл оқиғалардың әр қайсысының артында адам тағдыры жатыр. Оларды жазғырау — себеппен емес, салдармен күресу. Егер себеппен күреспесек, мұндай оқиғалардың тыйылуы екіталай. Бұл қоғамды ойландыруы тиіс.
Қазір қазақ қоғамы қанша жат деп туласа да, туған анасына керек болмаған сәбилердің өмірін сақтап қалу үшін еуропалық тәжірибеге еліктемеске шарасы жоқ. Еуропа елдері қыз-келіншектер жасырын жолмен туған баласын өлтіріп тастамас үшін Baby box деп аталатын жүйе ойлап тапқан. Нәресте ғана сиятын бэби-бокс медициналық клиникалар, аурухана, перзентханалар немесе мешіттер, шіркеулер тұрған аумақтарға жақын, сырт көзден тасалау жерлерге орналастырылады. Сәбиін керек қылмаған, өзінің аты жария болғанын қаламаған әйелдер баласын кішкентай есігі бар боксқа салып кетеді. Бала боксқа түскеннен кейін бірден 15 секундтың ішінде дабыл нүктесі автоматты түрде іске қосылып, жақын маңдағы медицина мекемесінің кезекші медбикесіне хабар түседі. Орыс ағайын «өмір терезесі» деп атаған саңылауды мамандар расымен де тығырықтан шығудың, баланың өмірін сақтап қалудың балама жолы дегенді алға тартып отыр. Мүмкін… ит-құсқа жем болсын деп қоқысқа тастағаннан, жүйткіген көліктің терезесінен лақтырғаннан гөрі ойнап жүріп от басқан қыздар баласын «өмір терезесіне» тапсырып кеткені де дұрыс шығар, сірә… Айтуға оңай, әрине.
Ақтөбе бір кездері ел аузында «арақтың астанасы» атанып кете жаздап, футболдың астанасына айналған еді. Енді тастанды сәбилер қаласына айналмай тұрғанда Baby box ашсақ қайтеді? Көрші Ресей қалалары 2011 жылдан бері аша бастаған. Бэби-бокс есігіне әйелді райынан қайтаратын насихат және амалы болмаған жағдайда хабарласу үшін психологтің, арнайы реабилитациялық қолдау орталықтарының телефондары мен мекенжайлары жазылып тұрады. Мұның бәрі әйелді райынан қайтара алмаған жағдайда ғана оған баланы көшеге емес, боксқа тастап кету туралы өтініш жазылған. Және күндердің күнінде өзегін өкініш өртер болса, аналық сезімі оянған әйел баланы ДНК арқылы дәлелдеп, кейін қайтара алады. «Baby box әйел үшін баланы өлтіріп, кейін түрмеге түскеннен жақсы амал», — дейді дәрігерлер. Жалпы, қазаққа Baby box керек пе? «Ауруын жасырған өледі». Қоғам тезірек шешім қабылдауы тиіс.

Н.БЕРДЕШОВА.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *