Ақтөбеліктер мамандардан баспана мен әлеуметтік жәрдемақы жайын сұрап жатыр

Ақтөбеде 11-13 ақпан күндері ашық есік күні өтіп жатыр. Қала тұрғындарының көбі баспана мен әлеуметтік жәрдемақы жайын сұрады, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ақтөбе қаласының тұрғындары 4 мекенжай бойынша арыз-шағым түсіріп, өздерін толғандырған мәселе туралы айта алады.

Ашық есік күні қалалық мекемелердің бөлім басшылары мен коммуналдық мекемелер сұрақтарға жауап беріп жатыр. Көбі баспана алу және әлеуметтік жәрдемақы жайын сұрады.

«Бірінші күні Т.Ахтанов атындағы драма театрға адам көп келді. Тұрғындар баспана кезегіне тұрумен қатар мұрагерлік талас туралы сұрады. Соңғы сұрақ бізге қатысты емес болса да құқықтық кеңес берілді. Тұрғындар үшін «7-20-25» бағдарламасы да маңызды. Бәріне тыңғылықты ақпарат беру үшін 4 маман үзіліссіз жұмыс жүргізді», — қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Жанаргүл Дүйсекенова.

Т.Ахтанов атындағы драма театрға келген көпбалалы, жалғызбасты аналар тұрғын үй мәселесімен қатар әлеуметтік жәрдемақы жайын сұрады. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Мақпал Тұрмағамбетованың айтуынша, қала бойынша 7 мыңнан астам көпбалалы ана бар. Олардың 1600-ден астамы «Күміс алқа», 2 мыңнан астамы «Алтын алқа» иегері. Бәрі де мемлекеттен 16​ 160 теңге болатын арнайы жәрдемақы алып отыр.

«Атаулы әлеуметтік көмекті 795 отбасы алып отыр. Өткен жылы барлығы 168 миллион теңге берілді. Биыл бұл жұмыс жалғасып жатыр. Әкім есебінде көбіне көпбалалы аналар сұрақ қойды. Оларға берілетін арнайы жәрдемақы тоқтап қалып тұр. Себебі бұл атаулы әлеуметтік көмекке кірістірілді. Заңға сәйкес отбасының кірісі есептеледі. Жан басына шаққанда 14​ 800 теңгеден аспауы керек. Отбасында мүгедек балалары, ЖОО студенті бар отбасының жәрдемақысы мен шәкіртақысын есепке қоспау туралы ұсыныс беріліп отыр», — деді М.Тұрмағамбетова.

Айта кетейік, 2018 жылы депутаттар әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға 8 миллион теңгеден астам қаржы бөліп, көмек көрсетті.

Пікір қалдырыңыз