Ақтөбелік жастар қайырымдылық челленджін қабылдады

Өскеменде өткен игі шара әлеуметтік желілер арқылы кең таралды. Аз уақыттың ішінде он отбасыға көмек көрсеткен қайырымды жандардың бастамасын ақтөбеліктер де қолдады, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ақтөбедегі бастаманы челлендж ретінде Мөлдір Жексен есімді бойжеткен көтерді. Әлеуметтік желі арқылы көмек сұрап, нәтижесінде аз қамтылған және көп балалы аналарға азық-түлік таратты.

«Инстаграм арқылы Өскемен қаласында өткен видеоны қарадым. Маған осы шараны Ақтөбе қаласында өткізу туралы ой келді. Əлеуметтік желіге жазба қалдырып, достарым мен таныстарыма тарттым. Үш күнде 82 мың теңге қаржы жиналып, жағдайы төмен отбасыларға азық-түлік тараттық. Танымайтын жандар да қол үшін созып, көмегін берді. Кейбір мұқтаж кісілердің үйлері алыс болған соң арнай жүк көлігімен көмек берген адамдар болды», — дейді белсенді ерікті Мөлдір Жексен.

Атқарылған игі іс алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.

Пікір қалдырыңыз