Ақтөбелік жастар көпбалалы аналарды өз қамқорлығына алды

Бүгін бір топ теміржолшылар мен жастар ресурстық орталығының еріктілері бірнеше машинамен шығып, көпбалалы аналардың үйін аралады. Мұқтаж отбасыларға азық-түлік пен оқу құралдары таратылды.

«Негізгі мақсатымыз — қаламыздағы көпбалалы, әлеуметтік жағдайы төмен​ жалғызбасты аналарға көмектесу. Қаламыздағы көп балалы аналарға көмек көрсету үшін теміржолшы жастар ақша жинап, азық-түлік алды. Қоғамдағы қиындықты көп болып шешуіміз керек деп ойлаймын», — дейді теміржолшы жас маман Руслан Жұмағалиев.

Көпбалалы аналар жастарды жылы қарсы алып, батасын берді.

«Бізге берген көмектеріңіз үшін алғыс айтамыз. Жастар келіп жатыр. Кеше «Жүректен жүрекке» тобынан ке,лді. Жолдасым кетіп қалған соң балаларды өзім бағып отырмын. Жұмысым да жоқ. Балаларға төленетін жәрдемақыға пәтерақысын төлеп күн көріп отырмыз»,- дейді Дәметкен Утарбаева.

Алға ауданы, Маржанбұлақ ауылында бес баласымен пәтер жалдап отырған ананың балаларына киім, азық-түлік жеткізілді.

Пікір қалдырыңыз