Ақтөбе геопорталына бос жерлер мен тоқтап тұрған өндіріс орындары кіргізіледі

Ақтөбелік кәсіпкерлер геопорталдан бос жатқан жерлер туралы ақпарат алып, жұмысын тоқтатқан өндіріс орындары туралы ақпарат ала алады. Сонымен қатар, геопорталда коммуналдық желілер туралы жан-жақты жазылады. Әзірге су мен жылу, жарыққа жауапты мекемелер өздеріне тиесілі ақпаратты портал құрастырушыларына бермей отыр.

«Атамекен» кәсіпкерлер палатасында Ақтөбе қалалық әкімдігінің тапсырысымен жасалған Геопортал ақпараттық веб-сайтын жаңа мәліметтермен толықтыру жөнінде дөңгелек үстел өтті. Жиынға кәсіпкерлер, мемлекеттік мекеме қызметкерлері мен коммуналдық мекеме өкілдері қатысты. Қазіргі кезде Ақтөбе қаласының картасын цифрлық жүйеге көшіру жұмыстарының 40 пайызға орындалды. Мұнда қала картасы, жер телімінің саудасы, іс-шаралар мен Бас жоспардағы мәліметтерді білуге болады. Әзірге «қызыл сызықтар» мен инженерлік желілер туралы мәліметтер қолжетімді болмай тұр. Себебі, қаладағы коммуналдық мекемелер өз желілері туралы ақпаратты дер кезінде бермей отыр.

«Кәсіпкерлер порталды тиісті ақпаратпен толтырып, өздерін жарнамалауға мүмкіндік алады. Сонымен бірге, инвесторларға ыңғайлы болу үшін порталға қаладағы тоқтап тұрған өндіріс орындары туралы ақпараттар белгіленетін болады», — деді жоба құрастырушыларының бірі «Ақтөбе құрылыс мониторинг» МКМ директоры Сәуле Иманбаева.

Жиын кезінде кәсіпкерлер жер учаскесін еркін қолдануға, құрылыс параметрін өзгертуге, ортақ қолданысқа арналған жерлерді (саябақтар, бульварлар) анықтауға мүмкіндік беруді сұрады. Сонымен бірге, газдандыру, сумен, электр тогымен жабдықтау, су бұру, жылу желілері мен телекоммуникацияларға арналған техникалық шарттарды электронды түрде алу ұсыныстарын жасады. Өз кезегінде «Атамекен» порталмен жұмыс істеу барысында кәсіпкерлердің жобаларын сүйемелдеу және консультациялық көмек беруде сарапшылардың көмегін ұсынды.

Пікір қалдырыңыз