Маңғыстауда несие 1 процентпен беріліп жатыр — Бақытжан Сағынтаев

ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев бизнесті несиелендіру саласында бірыңғай саясатты ұстау қажеттігін жеткізді, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Микроқаржыландыру ұйымдарына қатысты бір мәселе бар. Мысалы, Маңғыстау облысы өзінің бір бағдарламасын іске қосты. Әкімдік ақша бөлді. Мұнай компаниялары да қаржы құйды. Сөйтіп, несиені 1 процентпен беріп жатыр. Бірақ мына жақта мемлекеттік бағдарлама да бар ғой. Оны іске асырмаса, бюджет қаржысын игермеу сияқты мәселелер туындайды. Негізі, олай екі бағдарламаның арасында бәсекелестіктің болғаны дұрыс емес. Осы салада бірыңғай саясат болуы қажет», — деді Б.Сағынтаев «Атамекен» ҰКП Президиумының кеңейтілген отырысында.

Үкімет басшысының айтуынша, Маңғыстау облысы ондай бастаманы көтерсе, оны басқа бағдарламалардан босату қажет. Бірақ барлық жауапкершілікті жергілікті билік пен мұнай компаниялары өз мойнына алулары тиіс.

Айта кетейік, отырыс кезінде Бақытжан Сағынтаев кәсіпкерлерді көрші Қытай арқылы Оңтүстік Азия елдеріне шығуға үндеді.

Бұдан бөлек, Үкімет басшысы Қытай нарығына шығудың жолын көрсетті.

Пікір қалдырыңыз