Тойға бергісіз садақаларға алаңдаған ақтөбелік ақсақал биліктен тәртіп енгізуді сұрайды

Көрнекі фото

Ақтөбе облысының Ойыл ауданында тұратын зейнеткер Ермек Ниязов садақаны өткізуде тәртіп болғанын қалайды, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

«Біздің ауылда садақа өткізгенде дастарқанға бәрін қоя беретін еді. Былтыр діни басқарманың нұсқамасынан кейін жағдай реттеле бастады. Бірақ адамды жерлеу рәсімі қолға алынбаған. Әр жерде әр түрлі өткізеді. Мысалы, бұрында қазақта қайтыс болған кісіні оң жаққа жатқызып, қасында күзетіп отырушы едік. Ал қазір қонағасына келмейтін адам жоқ. Осы ауылдың бәрі келеді. Оның үстіне Ақтөбеден, Атыраудан ағайындар ауылға келеді. Сонда ол үйге сыймай кетеміз», — дейді зейнеткер Ермек Ниязов.

Оның сөзінше, қазақ кісі қайтыс болған үйде қазан аспаған. Ақсақал биліктен ескі дәстүрді қалпына келтіруін сұрайды.

«Қазақта кісі қайтқан үйден тамақ ішпеген. Көрші-көлем, ағайын-тумасы келген адамдарды өз үйлеріне алып кететін. Ол үйде ешқандай қазан астырмаған. Татар елінде дәстүр жақсы сақталған. Ал біздегі қонағасына бәрі келеді. Осы мәселені діни тұрғыдан болса да, нұсқама ретінде болса да, жоғарыдан реттесе екен», — дейді ақсақал.

Пікір қалдырыңыз