Ақтөбелік депутат азаматтық некеден туған баласын анасынан тартып алмақ

Ақтөбе сотында Елена Рутушная жауапкер, ал қалалық мәслихат депутаты Искандер Назарбаев талапкер ретінде қатысып жатыр. Әкесі баланы анасынан алып, өзі тәрбиелемек, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Алматы қаласында тұратын Елена Ратушная баласының бір орында тұрмайтынын, өте белсенді екенін айтып берді. Сол күйі 2013 жылы кәріз құбырына арналған химиялық ерітіндіні ішіп қойып, іш құрылысына зақым келді, ота жасалды. Алғашында бала туралы жақ ашпаған Елена Ратушная қиын жағдайға тап болғанда әкесіне хабар беріп, көмек сұрады.

«Алғашында келісіп, 100 мың теңге берді. Бірақ бұл өте аз. Мен емдеуге 2-3 миллион теңге жұмсадым. Баланы бағу үшін бірнеше жұмыс істедім. Соңында еш мүлкі жоқ, жалақысы аз екенін көрсетіп, ең төменгі алимент аударып отыр. Ал қазір балаға қарай алмайды деп менен оны тартып алмақ», — деді Елена Ратушная.

Сот отырысына бүгін психолог шақырылды. Ол баланың анасынан қашық екенін, сурет салған кезде өзін, анасын мүлде салмағанын айтып берді. Әрі бала психолог, невропатологтың бақылауына алынуы керек. Тілі де дұрыс шықпаған.

Сот отырысы жалғасып жатыр. Сотқа депутат Искандер Назарбаевтың өкілі ғана қатысуда.

Пікір қалдырыңыз