Ақтөбеде аударыспақтан облыс әкімінің Кубогына арналған республикалық турнир өтеді

Аударыспақ спорты тарихында тұңғыш рет «Ақтөбе облысы әкімінің Кубогына» арналған республикалық турнир өткізіледі, деп хабарлайды облыстық спорт басқармасының баспасөз қызметі.

16-18 қараша күндері Ақтөбе қалалық ұлттық спорт мектебінің жабық манежінде ту көтеретін бұл турнирде балуандар 60, 70, 80, 90 салмақта бақ сынайды. Сонымен қатар, абсолюттік салмақта жеңімпаз атанған балуан Ақтөбе облысы әкімінің Кубогын иеленеді. Жарыстың жүлде қоры 500 000 мың теңгені құрайды.

«Ақтөбе облысы әкімінің кубогына» арналған республикалық турнирге ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының Аударыспақ федерациясы басшылық жасайды.

Айта кетсек, 2018 жылғы шілде айында Астанада өткен ІІІ Азия чемпионатында Ақтөбе облысының балуандары үш салмақта чемпион атанды. Атап айтсақ, 60 келіде Азамат Серғазин, 70 келіде Шыңғысхан Ержанов және абсолюттік салмақта Арман Сағынбаев ІІІ Азия чемпионатының жеңімпаздары атанған еді. Үш балуан да Ақтөбе қалалық №3 ұлттық спорт мектебінің түлектері, тәжірибелі бапкер, ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысы Абат Аймағамбетовтың шәкірттері. Бұл аталған балуандарымызда алдағы өтетін жарыста өз бақтарын сынап, сайыс алаңына түседі.

Республикалық турнирдің салтанатты ашылуы 17 қараша күні, сағат 10.00-де басталады.

Пікір қалдырыңыз