Душанбе әкімдігі «палауға таласқандарды» жазалаған

Душанбедегі палау фестивалі кезінде тамаққа таласқан тұрғындарды қала әкімдігі жауапқа тартқан. Бұл туралы Азаттықтың Тәжік қызметіне Душанбе әкімдігінің өкілі айтқан.

10 қарашада Facebook әлеуметтік желісінде палауға таласып жатқан адамдардың видеосы тараған. Видео Душанбедегі Фирдауси паркінде өткен «Оши палау» фестивалінде түсірілген. Әкімдік өкілінің сөзінше, «палауға таласқандардың» кейбірі жазаланған.

Оқиға куәгерлерінің айтуынша, фестивальге келген шенеуніктер кеткен бетте жиналғандар палау салынған қазанға лап қойған. Видеода адамдардың алып қазандағы палауды таласа-тармаса ыдысқа салып жатқанын көруге болады.

Әкімдік өкілінің айтуынша, әлеуметтік желіде тараған видеоны Душанбе қаласының басшылығы да көрген.

10 қарашада Душанбеде өткен «Оши палау» фестивалінде елдегі танымал жеті аспаз палау пісірген. Аспаздардың бірі Содирджон Мухаммаджоновтың айтуынша, бір тонна палау пісіру үшін 250 келі күріш, 200 келі ет, 35 келі сәбіз пайдаланған.

Пікір қалдырыңыз