Ақтөбе облысында жұмыс жоқ ауылда жастар бөдене жұмыртқасын тегін таратып отыр

Ойыл ауданында жұмыссыз жастар миллион теңгенің грантын ұтып алған, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ойыл ауданына қарасты Қайыңды ауылдық округінде жұмыс жоқ. Жергілікті халықтың айтуынша, жұмыссыздықтың салдарынан жастар қалаға көшіп жатыр. Дегенмен, ауыл тұрғыны Райымбек Алманов жеке кәсібін ашуға талпынған.

«Аудандық жастар ресурстық орталығынан «ZhasProject» жобасы жөнінде түсіндірді. Ауылда жұмыс болмағасын бағымызды сынап көрейік деп тіркелдік. Сөйтіп, миллион теңге грант ұтып алдым», — дейді ауыл тұрғыны Райымбек.

Ол бөдене құсын өсіруге ұсыныс тастаған. Қазір оған гранттың жартысын аударған. Сәйкесінше, шаруашылыққа керек-жарақты жартылай алған.

«500 мың аударды. 400 бөдененің орнына 200 бөдене сатып алдым. 300 келі жем деп жобаға жаздым, бірақ тек 150 келісін алдым. Екінші аударымнан кейін бәрін толық аламын», — дейді ол.

Әзірге Райымбек осал топтағы ауыл тұрғындарына бөдене жұмыртқасын 10 данадан тегін таратып отыр.

Пікір қалдырыңыз