Автобус өрті: 43 жәбірленушінің әрқайсысына 2 миллион теңге моральдық шығын өндірілді

Ақтөбеде автобус өртіне қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шығып, сотталушылар 3,6 жыл мен 5 жылға бас бостандықтарынан айрылды. Сонымен қатар, сотталушылар бірлесіп, жәбірленушілердің әрқайсысына 2 миллион теңге моральдық шығын өтеуі тиіс, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

 «Жәбірленушілердің моральдық зиянды өтеу туралы азаматтық талап арыздары ішінара қанағаттандырылсын. Сотталғандар Нұржан Қырғызбаев, Мақсат Пернебеков, Барат Таңатов, Бахадүр Пердебаев, Нұрлыбек Тілепбаевтан ортақ түрде жәбірленушілердің әрқайсысына 2 миллион теңге өндірілсін. Заң бойынша моральдық шығынды өтеуге 1 ай уақыт беріледі», — деді Ырғыз аудандық сотының судьясы Серік Махамбетов. Барлығы 43 отбасыға 2 миллион теңге өндірілетін болды. Сонда 43 адам үшін 2 миллион теңгеден өндірілсе, барлығы 86 миллион теңге есептеліп отыр. Ал 5 сотталушыға бөлгенде, әрқайсысы өзбектсандықтардың отбасына 17,2 миллион теңге төлеуі тиіс.

Айта кетейік, жәбірленушілердің 10-нан астамы моральдық шығын талап етпеді. Сот үкімі оқылған соң сотталушылардың туыстары өзбекстандықтартың талап арызы бойынша әрқайсысына 2 миллион теңге тауып бере алмайтынын жеткізді.

«Біздің 7 баламыз бар, еш жерде жұмыс істемейміз. Біз өзбекстандықтардың талап арызын орындай алмаймыз. Қазір 7 баланы қалай бағамын деп ойлап отырмын. Бүгін жеңілдік жасап, босап шығарады деп ойладым»,- дейді Барат Таңатовтың жұбайы Айнұр Таңатова.

Пікір қалдырыңыз