Ақтөбенің монополистері жоғары тарифтің арқасында 100 миллион теңгеден астам артық пайда көріп отырған

Көрнекі фото: newrzhev.ru

Ақтөбе облысының прокуратурасы тарифті негізсіз көтерген монополистерді жауапкершілікке тартты, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Мәселен, «Актобеэнергоснаб» ЖШС 122,1 млн теңге көлемінде үстеме табыс көріп отырған. Электр энергия тарифі сағатына бір киловаттқа 17,62 теңгеден 17,23 теңгеге дейін төмендетілді.

Қандыағаш қаласының тұрғындары үшін жылу энергиясы тарифі 490,41 теңгеге дейін азайтылды.

Мұнда монополист тарифтік сметаны орындамаған. Нәтижесінде мекеменің тарифі бір Гкал үшін 3131,66 теңгеден 2641,25 теңгеге дейін қысқартылды.

«Тарифтік сметаны орындамағаны үшін жылу энергиясын тарататын 7 табиғи монополист жауапкершілікке тартылды. Олар: «Трансэнерго» АҚ, «Коммунальщик», «Эмба жылу», «Шұбарқұдық жылу», «Жемжылу», «Никельтау жылу», «Мартук сервис» мемлекеттік коммуналды мекемелері», — делінген облыстық прокуратураның ресми хабарламасында.

Еске сала кетейік, кеше, 7 қарашада өткен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев тарифті негізсіз көтерген монополистерді жазаға тарту жөнінде тапсырма берді. Бас прокуратураның мәліметінше, қазақстандықтар монополистерге үш жылдың ішінде 29 млрд теңге артық төлеп қойған.

Пікір қалдырыңыз