Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары қамалды

Көрнекі фото:

Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Аманғалиев «пара алды» деген күдікпен екі айға қамалды. Бұл туралы Азаттыққа Маңғыстау облыстық сотының баспасөз қызметінен хабарлады.

Сот мәліметінше, Серік Аманғалиевты Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюро қызметкерлері 3 қараша күні кешке Ақтау әуежайында ұстап, одан «115 мың еуро қаржы тәркілеген». Бұл факт бойынша Қылмыстық кодекстің 366-бабының 3-бөлімімен («Пара алу») іс қозғалған. Ақтау қалалық мамандандырылған тергеу соты 5 қараша күні ұлттық бюроның тергеу департаментінің Серік Аманғалиевті екі айға қамау туралы өтінішін қанағаттандырған.

Серік Аманғалиев «мемлекеттік қызмет пен мемлекеттік басқару мүдделеріне қарсы ірі көлемде сыбайлас жемқорлық жасады» деген күдікке ілінген.

Бұған дейін Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз хатшысы Самат Сүлей Азаттыққа бірінші орынбасардың 5 қарашада жұмысқа келмегенін, себебін анықтап жатқандарын хабарлаған еді.

58 жастағы Серік Аманғалиев бұған дейін Атырау облыстық әкімдігінің білім департаментін басқарған, Құрманғазы ауданының әкімі болған. 2008-2011 жылдары Қазақстан президенті әкімшілігінің бөлім басшысы қызметін атқарған. 2017 жылдың қарашасынан бері Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары.

Пікір қалдырыңыз