«100 жаңа есім»: 8 ақтөбелік екінші кезеңге өтті

«100 есім» жобасы бойынша 8 үміткер екінші кезеңге өтті. Ақтөбеліктер онлайн дауыс бере алады, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ақтөбе облысы бойынша түрлі саланың белсенділері сегіз үміткер қатарына енді. Екінші кезеңде кімдер бар?

Айболат Құлатай – IT маманы, «Эвклид» білім беру орталығының негізін салушы, «Thousand IT Group» компаниясының ди⁠ректоры, бірнеше әлеуметтік жобалардың бастаушысы.

Амангүл Ешпанова — көпке үлгі боларлық жан. Отағасы Өмірхан Жетесовпен бірге 14 баланы өсіріп отыр. Оның үшеуі туған балалары, ал қалғандарын 2009-2018 жылдар аралығында «Алға» балалар үйінен асырап алған. Үлкен отбасы «Шашу» отбасылық-халықтық ансамбль құрып, облыс көлемінде танылып үлгерді.

Арман Бисембаев — археолог. 2006 жылдан бастап облыстық тарих, этнография және археология орталығын басқарады. Қазіргі уақытта автордың 90-ға жуық ғылыми мақаласы мен ұжымдық монографиясы, сондай-ақ «Батыс Қазақстан көшпенділерінің орта ғасырлардағы жерлеу жоралғылары» монографиясы жарық көрген.

Арнұр Мәденов – Ақтөбе қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебі ди⁠ректорының сыртқы байланыс жөніндегі орынбасары. Шетелде «Болашақ» бағдарламасымен білім алған іскер маман өзі қызмет ететін Назарбаев зияткерлік мектебінің халықаралық аккредиттеуден өтуге дайындығын басқарған.

Гаухар Кеңесова — фэнтези жанрының шебері. Өзінің алғашқы кейіпкерлері жайлы 15 жасында жаза бастаған. Мәскеу қаласында білім алып жатқан студенттің соңғы еңбегі «Алтын қалам» байқауының «Үздік фантастика» номинациясына қатысты.

Илья Цибульский — тағдыр сынына ұшырап, қиындықты жеңе білген жан. Қиын кездерді өткеруіне туғандары мен жақындарының қамқорлығы және қолдауы, ақ жүрегі мен музыкаға деген махаббаты көмектесті. Сегіз жыл бұрын болған қайғылы оқиғадан кейін саксофоншы өз өмірін қайта бастады. Бүгінде бұл жігітті туған қаласы Ақтөбеде «саусақсыз саксофоншы» деп таниды.

Мират Жекеев – дойбыдан он бір дүркін әлем чемпионы, Қазақстандағы алғашқы халықаралық гроссмейстері. Интеллектуалды спорт түрлерін дамытуға қосқан үлесі үшін Мират «Ақтөбе облысының жыл адамы — 2011» атағына ие болды.

Нұрлан Иманғалиев — өз кәсібіне ғашық ұстаз. Қазір педагогикада кеңінен қолданып, трендке айналған жаңа технологияларды Қазақстанда алғаш қолданған ұстаздың бірі де бірегейі. Нұрлан USTAZ Professional Learning Centre орталығын ашып, ұстаздарды өз ісін сүюге, білікті ұстаз болуды үйретеді.

Пікір қалдырыңыз