Түркістан облысында білім бөлімінің қызметкерлеріне заңсыз ақша төленіп келген

Түркістан облысында білім бөлімінің қызметкерлеріне заңсыз ақша төленіп келген. Түлкібас ауданындағы заңбұзушылық әрекеттер прокурорлық тексеру барысында анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Түлкібас аудандық білім бөлімі 46 қызметкердің еңбек ақыларына қосымша 5 мың теңгеден төлем жүргізіп отырған. Осылайша 4 ай ішінде 5 млн теңге мақсатсыз жұмсалғаны белгілі болды. Алайда заң жүзінде қосымша төлем жұмысшыларға еңбек жағдайлары зиянды және қауіпті жұмыстардағы еңбегі үшін төленуі тиіс. Прокурорлар білім бөлімі қызметкерлерінің еңбек жағдайларын зиянды деп тануға аттестаттау мамандандырылған ұйымдармен жүргізілмегенін анықтады.

Прокурорлық қадағалау актісіне сәйкес бюджетке 1 млн теңгеден астам залал өндіріліп, заңбұзушылыққа жол бергендер тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

Сондай-ақ осы аудандағы орта мектептерде экология заңнамасы мен санитарлық қағидалардың өрескел бұзылуы анықталды.

32 мектептің қоймасыннда жылдар бойы жарамсыз деп танылған люминесценттік шамдар сақталып келген. Бұл шамдар құрамында сынабы бар (1-ден 5 граммға дейін) энергия үнемдейтін қауіпті қалдықтар тобына жатқызылады. Бүгінде 2 мыңға жуық люминесценттік және 100 шақты диодты шамдар білім беру ғимараттарынан шығарылып тасталды.

Пікір қалдырыңыз