Ақтөбе облысындағы газы жоқ ауыл тұрғындары Сапарбаевтан көмек сұрайды

Мұғалжар ауылының тұрғындары құр уәдеден шаршағандарын айтты, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Мұғалжар ауданына қарасты Мұғалжар ауылы әлі күнге дейін көгілдір отынсыз отыр. Жергілікті халық «міне, газ кіргізіледі» деген құр уәдеге сенуден қалды.

«Бұрынғы премьер-министр Серік Ахметовке де, сенат депутаты Әміровке де хат жаздық. Ешқандай нәтиже болған жоқ. Тек жауап қана келді. Біздің ауылға газ кіргізуге бөлінген қаражат Қобда ауданына ауысып кетті. Осы мәселе жөнінде жазылған газеттердің барлығын тігіп қойғанмын, — деп кейіді ауыл тұрғыны Сақтапберген Майбасов.

Тұрғындар ауылдың жағдайымен танысқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа ғана үміт артып отырғандарын жасырмады.

«Өткенде Сапарбаев келіп, мектепте жиналыс ұйымдастырды, халықпен кездесті. Ол сөйлеп болған соң мен үш сұрақ қойдым. Газ, жол, судың жоқтығын айттым. «Суды биыл тартамын» деді. Уәдесінде тұрды. Ал газ «2019-2020 жылға» қалады деді. Соның сөзіне сеніп отырмыз», — деді ауыл белсендісі Сақтапберген Майбасов.

Пікір қалдырыңыз