Ақтөбеде адам өлтірген «Алтын белгі» иегеріне үкім шықты

Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында «Алтын белгі» алып, өз замандасын пышақтап тастаған Бекназ Кеңшілікке сот үкімі шықты. Ол 9 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Осы жылдың мамыр айында қаладағы Тургенев көшесінде қайғылы оқиға тіркеліп, кәмелетке толмаған Азат Дүсіпов пышақ жарақатынан ауруханада көз жұмды. Оның жүрегі мен өкпесі қатты зақымданған. Пышақ 8 см кіріп, мектеп түлегі жан тапсырды. Сот отырысы бір айға созылып, бүгін үкім шықты. Судья Алтынбек Сабыров сотталушы Бекназ Кеңшілік есін білетінін, саналы түрде пышақ алып, қасақана адам өлтіргенін айтып берді.

«Бекназ Кеңшілік Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» бабы бойынша айыпты деп танылып, 9 жылға бас бостандығынан айырылсын. Жазасын кәмелетке толмағандарға арналған қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтейді», — деді судья А.Сабыров.

Сонымен қатар, жәбірленуші тарап марқұм Азат Дүсіповтың садақасы мен жерлеу рәсіміне кеткен шығынды өндіру үшін құжаттарды тапсырды. Сот шешімімен айыпталушы тарап 2,6 миллион теңге материалдық, 3 миллион теңге моральдық шығынды төлеуі тиіс. Айыпталушы Бекназ Кеңшіліктің ата-анасы үкіммен келіспей, апелляциялық шағым түсіретінін жеткізді.

Пікір қалдырыңыз