Бес әлеуметтік бастама: Бердібек Сапарбаев Тамара Дүйсеноваға Ақтөбедегі жұмыстарды таныстырды

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев бес әлеуметтік бастама аясында атқарылып жатқан істермен таныстырды, деп хабарлайды Aktobenews.kz тілшісі.

Ақтөбеге «Нұр Отан» партиясының хатшысы Тамара Дүйсенова келіп, бастауыш партия ұйымдарының форумы өтті. Аймақтық форум кезінде «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының төрағасы Бердібек Сапарбаев өңірде атқарылып жатқан жұмыстарды таныстырды.

«Бес әлеуметтік тапсырма бойынша тиісті іс-шара қабылданды. Алғашқысы – баспана. «7-20-25» бағдарламасы бойынша Ұлттық банк және екінші деңгейлі банк филиалдарымен жұмыс атқарылып жатыр. Өңірде осы бағдарлама негізінде 24 мыңға жуық азамат пәтер алуға ниет білдірді. Қазіргі кезде 1,6 миллиард теңгенің арызы қабылданып, құны 730 миллион теңге болатын 88 арыз қанағаттандырылды», — деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

«7-20-25» бағдарламасын іске асыру үшін ірі кәсіпорындар мен мекемелерде түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен қатар, орталық саябақта арнайы ақпараттық таныстырылымы өтті. Өткен жылы Ақтөбеде 870 мың шаршы метр үй берілсе, биыл 930 мың шаршы метр үй үлестіріледі. Қазіргі кезде оның 470 мың шаршы метрі қолданысқа енді.

«Бес әлеуметтік тапсырмада жалақысы аз адамдардан салық жинаудың өз ережесі енгізілді. Ақтөбе облысы бойынша 24 мың адамның еңбекақысы өседі. Қазір облыстық мемлекеттік кірістер департаменті жұмыс істеп жатыр. Ал студенттерге арналған жатақхана бойынша 8 нысанның құрылысына ұсыныс берілді. Құжаттарды рәсімдеу жүріп, келер жылы құрылыс басталады. Шағын және орта бизнесті дамыту, қосымша несие беру жұмысы ілгері басып тұр. Үкімет 20 миллиард теңге бөлсе, соның 2 миллиард теңгесі Ақтөбе облысының еншісінде», — деді облыс әкімі Б.Сапарбаев.

Бес әлеуметтік бастама бойынша цифрлық сауаттылықты арттыру үшін арнайы семинарлар өткізіліп, ІТ кластар ашылды. Алдағы уақытта 20 робототехника сыныбы да пайдалануға беріледі.

«Ақтөбеде кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігі жоғары. Білім, денсаулық, мәдениет, спорт салаларында Өнер орталығы, Жекпе-жек сарайы салынып, Мұз айдынының құрылысы жүріп жатыр. Ірі компаниялар мен кәсіпкерлер қолдау көрсетіп келеді. Өткен жылы бюджеттен тыс 29 миллиард теңге тартылса, биыл 34 миллиард теңгеге жеткіземіз. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша өткен жылы Жерлестер форумы өтті. Өзге елде тұратын ақтөбеліктер келіп, құны 80 миллиард теңге болатын меморандумға қол қойылды. Қазір біріккен кәсіпорындар ашу, кәсіпкерлікті дамыту бағытында жұмыс атқарылып жатыр», — деді Б.Сапарбаев.

Пікір қалдырыңыз